Шығыс Қазақстанда заңсыз жолмен 1 млрд теңге тапқан кәсіпорын басшысы сотталды
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, «AK Metal» ЖШС басшысы бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Тергеу мәліметінше, серіктестікке берілген лицензия тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана рұқсат еткен. Алайда зертханалық және технологиялық зерттеу деген желеумен темір кені мен темір кені концентраты өнеркәсіптік көлемде өндіріліп, кейін Қазақстанда және шетелде сатылған.
Жалпы 70 мың тоннадан астам өнім заңсыз өндіріліп, сатылған. Қылмыстық жолмен алынған табыс 1 млрд теңгеден асқан.
Сотталған адам осы қаражатқа қымбат активтер сатып алған: Land Rover автокөлігі, бес бөлмелі пәтер, үш коммерциялық үй-жай, екі тұрақ орны, Алматы мен Алматы облысындағы екі жер учаскесі. Бұл мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.