Шымкент тұрғыны полицейге істеген ерсі ісі үшін сотталып кетті

9 сәуір 2025 11:39 / Новости Казахстана

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы У.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы У.-ға ҚК-нің 380-бабы 5-бөлігімен (“билік өкілінің өз қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты денсаулығына қауіпті күш қолдану”)айып тағылған, деп хабарлайды Arbat.media.

У. 2025 жылғы 2 қаңтарда автокөлігін Шымкент қаласының Әйтеке би көшесімен басқара отырып, ППП-ның инспекторы Б.-ның тоқтатып, бағдаршамның тиым салатын белгісіне өткені себепті хаттама толтыратынын ескерткенінде, автокөлігіне отырып алып жүрмекші болып, Б. оның автокөлігінің алдына тосқауыл болып тұрып алған кезінде алға жүріп, Б. автокөліктің капот бөлігіне жатып қалғанында біраз жерді жүріп өткен.

Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді. Прокурор сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші заңға сай жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы өзіне жеңіл жаза сұрады.

Жаза тағайындау барысында сотталушының қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде жасаған әрекетіне шын өкінуі, екі жасөспірім балалары болуы танылды.

Ауырлататын мән-жай қылмысты есірткіге масаң халде жасауы болып табылады.

Сот, У.-ды ҚК-нің 380-бабы 5-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енбеді.

Серіктес жаңалықтары