Шымкентте интернет-казино ашқан тұрғын ұсталды
Шымкент қаласының тұрғыны мобильді қосымша арқылы жасырын интернет-казиноны ұйымдастырған, деп хабарлайды Arbat.Media.
ҚМА мәліметінше, покер ойнауға арналған мобильді қосымшада «Vendetta» және «AMG600L» атты ойын клубтары құрылып, олар «Nomad» желісіне біріктірілген. Бұл клубтар тәулік бойы жұмыс істеп, Қазақстаннан бөлек Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты елдердің азаматтарын тартқан.
Ойыншылар өз есепшоттарын банк шоттарына ақша аудару арқылы толтырып, ойынға қатысуға мүмкіндік беретін «фишкалар» алған. Ұтқан жағдайда қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, пайдаланушылардың карталарына аударылып отырған.
Ал ұйымдастырушылардың табысы тұрақты кіріс әкеліп отырған. Сонымен қатар, ойыншылардан айрылып қалмау үшін оларға виртуалды қаражатты қарызға беру тәжірибесі де қолданылған.
Қаржы ағымдарын жасыру мақсатында «дропперлердің» банк шоттары пайдаланылған. Шот бергені үшін оларға әрбір есепшотқа 100–200 мың теңге көлемінде сыйақы төленген. Бұл шоттар бойынша жалпы ақша айналымы 557 млн теңгеден асты.
Сондай-ақ тінту барысында ұйымдастырушының тұрғылықты жерінен есірткі заты табылып, тәркіленді.