Шымкентте кәсіпкерлерге қырғидай тиген қылмыстық топ ұсталды
Шымкентте кәсіпкерлерге қырғидай тиген қылмыстың топ ұсталды. Үш күн ішінде арнайы жасақ көмегімен екі бірдей ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері мен серкелеріне кісен салынды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Басбұзарлар Шымкенттегі ойын-сауық кешендеріне әмірін жүргізіп келген. Яғни ірі сауда орталықтарының қожайындарынан тұрақты түрде қомақты қаржы алып отырған, деп жазады КТК телеарнасы.
Кәсіпкерлерді қорқытып-үркіту арқылы ақша бопсалаған тағы бір қылмыстық топ өкілдері ұсталды. Олар бизнесмендерден ең кемі үш миллион теңгеден ақша алған.
Ал қарсыласқандарын ұрып-соғып, қинаған. Күдіктілердің қанша кәсіпкерге кесірін тигізгені әзірге айтылған жоқ.
Десе де арнайы операция кезінде жұдырығы жуан 35 жігіт ұсталып, олардың тұрғылықты мекенжайында жүзден астам тінту жүргізілді.
Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі:
— Биыл Шымкентте қылмыстық топтардың жолын кесу барысында 30-дан астам атыс және травматикалық қару, оның ішінде бір Калашников автоматы, 15 шолақ мылтық, 11 тапанша, екі винчестер және мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді.