Талдықорған маңынан ерте темір дәуіріне жататын қорған табылды

20 қараша 2023 14:21 / Новости Казахстана

Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығының мұрындық болуымен Талдықорған қаласының маңындағы Дауылбай қорымына зерттеу жүргізілді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Аумақты қазған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археологиялық экспедициясы қорғаннан ерте темір дәуіріне жататын айғақтар тапты, деп жариялады Kazinform.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметіне қарағанда, далалық зерттеулер барысында қорғанның бірнеше рет тоналғандығы және соңғы рет өткен жылы ғана тонауға ұшырағаны анықталды. Осыған байланысты Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы археологтардың күшімен аталған тарихи ескерткішті зерттеуді жөн деп тапты.

Археолог мамандардың пікірінше, қорған элиталық болып саналады. Қорғанның биіктігі – 3,4 м, диаметрі – 40 м. Айналасы ормен қоршалған. Тонаушылар батыс жағынан қазба түсіріп, біртіндеп орталық бөлігіне қарай өткен. Далалық зерттеулер тонаушылар ашып кеткен ұңғыма-шұңқыр орнындағы қорғанның орталық бөлігінде жүргізілді. Бастапқыда қазба 5х5 м көлемде болды және ескерткіш конструкциясына орай кеңейтілді. Қазба барысында тас сауыт және өзге де конструкциялар, сондай-ақ тонаушылардан қалған шашылып жатқан ірі тастар, тастақтайшалар табылған.

Жалпы, қазылған қорғанды бұдан екі мың жылдай бұрын Жетісуды мекендеген юечжи немесе усунь (үйсін) мәдениеттерімен байланыстыруға болады. Енді археологтар зертханалық жұмыстарды ары қарай жүргізуді жоспарлап отыр. Барлық детальдар зерттелініп, материалдар талданатын болады. Кейбір олжалар «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық лабораториясында қалпына келтіріледі деп күтілуде.

 

Серіктес жаңалықтары