Текелі ауруханасында бас есепші 2 млн теңге аванс алған
Текелі қалалық ауруханасының қызметкерлері мекеме басшылығына қатысты наразылықтарын білдірді. Олар аурухананың басшысы мен ішкі жұмыстарын толық тексеруді сұрайды. Медицина қызметкерлерінің шағымына байланысты облыстан арнайы комиссия құрылды. Текелілік медицина қызметкерлері аурухананың бас дәрігері Аслан Қалибеков өз командасымен келіп, оларға ерекше жағдай жасап отырғанына наразы, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Айтуларынша, ауруханадағы лауазымды қызметкерлерді ауыстырған ол ұжымға тең қарамайды. Кей қызметкерлерге істемеген жұмысы үшін қосымша ақы төлейді. Бас есепшіге 2 млн теңге көлемінде жалақы есебінен алдын-ала ақша берген. Ал мұндай «жомарттық» ауруханада көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан дәрігерлердің ешқайсысына жасалмаған.
«Жаңадан келгендерге жағдай жасалып отыр. Пәтер де, жоғары жалақы да, миллиондаған аванс та солардікі. Неге ұзақ жылдық өтілі бар қызметкерлер төмен айлықпен жүреді, ал жаңадан келгендерге 1,5 айлық мөлшерлеме тағайындалады. Сондай-ақ, кей қызметкерлерге тағайындалған 0,25 мөлшерлеменің заңдылығын тексеруін сұраймыз. Біз бейтарап тексеріс жүргізілуін сұраймыз» — дейді дәрігер Наталья Дубровина.
Дәрігерлер арасында дау туғызған тағы бір мәселе — қоймада қараусыз қалды делінген дәрі-дәрмектер. 2021 жылы жойылуға тиіс препараттардың арасында жарамдылық мерзімі өтпеген дәрілер де болған. Текелі қалалық ауруханасының бас мейірбикесі неше рет тексеру келгенін, бәрі таза болғанын айтты.
Ол қоймадағы қорап-қорап дәрілердің қашан, қайдан келгенінен бейхабар.
«Бұл ауруханада істегеніме 18 жыл болды. Биыл 20-мамырдан 1-маусымға дейін еңбек демалысында жүргенімде менің орныма қалған мейірбике ешқандай тізімге алмай, көптеген дәрі-дәрмекті қабылдап алған. Жиналыс болды. Мен жиналыстан соң, бас дәрігерден дәрілер қайда тұрғанын сұрағанымда, „ол дәрілер менде“ деді. Бары осы. „Сіз неге тексермегенсіз?“ деді. Қанша комиссия болды, бізде ондай боллмаған. Енді бәрі басталып жатыр. Бас дәрігер бізбен ақылдаспай, көп нәрсені өзі шешеді» — деді бас мейірбике Жанара Азатбекқызы.
Аурухана басшысы Аслан Қалибековке наразы ұжым Мемлекет басшысына үндеу жолдап, қордаланған көп меселенің бетін ашу үшін тексеріс жүргізілуін сұрады. Қазір мемлекеттік аудит, прокуратура және фармбақылау өкілдерінен құралған арнайы комиссия істің мән-жайын анықтауға кірісті.
«Дәрігерлердің назын тыңдадым. Әрине кемшіліктер бар, бас дәрігердің де жіберген кемшіліктері бар, жалпы айтылған мәселерін тыңдап арнайы жұмыс тобын құрдық. Тексеріс біткенше бір дәрігер жұмыстан шықпайды, ешкімді қудаламайды. Негізгі талаптары бас дәрігер өз командасын алып келді деп отыр. Иә, жұмысқа қабылдаған адам саны — 9. Бәрін заң жүзінде тексереміз. Анықтап болған соң, шешім шығады» — деді Жетісу облысы әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев.
Бұрынғы қызметкерлер мен жаңадан жұмысқа тұрғандар арасындағы дау ушығып тұр.
Мәселенің ақ-қарасы анықталғанша науқастар зардап шеге ме деп алаңдайды кей ақ халаттылар.