Tengri Bank бұрынғы басшысы Ержан Шайкенов 10 жылға сотталды
Тengri Bank клиенттерінің қаржысын заңсыз пайдаланған қызметкерлерге сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Arbat.media.
14 сотталушыға елдің сеніп тапсырған мүлкін иемдену, банк ақшасын жымқыру және өз өкілеттігін асыра пайдалану бойынша айып тағылған.
Ержан Шайкенов банк төрағасы бола тұра, 2015-2020 жылдары 13 адамнан тұратын қылмыстық топ құрып, қарыз алушылардың төлеу қабілетіне қарамастан заңсыз несиелер рәсімдеп, банкке 23,5 млрд теңге залал келтірген.
Прокурор соттан Шайкеновты және жеті айыпталушыны 9 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, қалған алтауын 1,5 жылға соттауды сұрады. Айыпталушылар кінәсін мойындаған жоқ.
Tengri Bank-тің бұрынғы басшысы Ержан Шайкенов пен банк төрағасының экс-орынбасары Бақтияр Ілиясов 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот мүлкін тәркілеп, қаржы ұйымдарында басшылық қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салды.
«Алты адам 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үшеуіне банк ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жылдан 1 жыл 6 айға дейін жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі жұмысқа тарту арқылы бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Екеуі ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Ал, біреуіне қатысты іс қайтыс болуына байланысты жабылды», -деп хабарлады соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.