Тоқаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барды
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуетімен танысты, деп хабарлайды Arbat.Media.
ҚазҰУ ректоры – басқарма төрағасы Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысына Инновациялық өнімдер орталығының және Farabi Hub-тың жоғары технологиялық жобаларын көрсетті.
Түймебаев хаб базасында креативті индустрия, жасанды интеллект пен стартап жобалары іске асырылатынын мәлімдеді. Осы арқылы 300 жаңа жұмыс орны ашылып, 20 миллион доллардан аса инвестиция тартылған. Бұл оталықта ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорацияларының зерттеу алаңдары орналасқан. Бұдан бөлек, мұнда ҚазҰУ-дің ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейді. Ректор университет жалпы құны 1 миллиард 250 миллион теңгені құрайтын төрт ірі жобаны жүзеге асырып отырғанын айтты. Тоқаев Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесе әзірленген микроспутник макетін көрді.
Тоқаевқа «Қашықтан зондтау және оны қолдану технологиясы» зертханасының қызметі таныстырылды. Бұл кешен ҚХР Ғылым академиясымен бірлесе ашылған. Зертханада жасанды жер серіктерінің деректері негізінде Орталық Азиядағы климат және экология өзгерістері зерттеледі.
Тоқаевқа университет базасында орналасқан суперкомпьютер кластері көрсетілді. Оны құруға 23 миллион доллар инвестиция тартылған екен.