Тоқаев Ерлан Қаринмен кездесті

20 қараша 2025 17:25 / Новости Казахстана

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік кеңесші – парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Қаринді қабылдады, деп хабарлайды Arbat.Media.

Ерлан Қаринді Тоқаевқа парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қызметінің аралық нәтижелері туралы баяндады. Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, e-Otinish мемлекеттік платформасы мен Egov сервисінде «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі іске қосылғалы бері бір айдың ішінде азаматтар мен қоғам белсенділері тарапынан осы мәселеге қатысты 300-ге жуық ұсыныс келіп түсіпті.

«Бұдан бөлек, 6 саяси партия, атап айтқанда, «Amanat», «Ауыл», «Ақ жол», «Respublica», Қазақстан Халық партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өз ұсыныстарын жолдады. Онда бір палаталы парламенттің қызметі мен парламенттік партиялардың өкілеттігіне қатысты тетіктер қамтылған», - деді Қарин.

Сонымен қатар парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшелері сарапшылық материалдар әзірледі. Жұмыс тобының екінші отырысын биыл 2 желтоқсанда өткізу жоспарланған.

Мемлекет басшысы келіп түскен барлық бастаманы жан-жақты қарап, олардың негізінде парламенттік жүйені жаңғырту бойынша нақты ұсынымдар әзірлеуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары