Төрт тілді меңгерген 11 жасар қазақ баласы жаһан жұртын тәнті етті
Төрт тілді тең меңгерген қазақ баласы жаһан жұртын тәнті етті. 11 жасар Бекнұр Жәнібектің әлемге танымал блогер Юджиге берген сұхбаты желіде миллиондаған қаралым жинаған. Қол-аяғы болмаса да, көптен озған жеткіншек қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерінде еркін сөйлейді, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Юджи он тілде сөйлейді. Бекнұр да соған талпынып жүр. Қызығушылықтары бірдей болған соң шығар, екеуі тез тіл табысты. Бекнұр Юджиді үлгі тұтады. Желідегі бейнежазбаларын жібермей қарайды. Блогердің Қазақстанға келе жатқанын көріп, кездесуге ұсыныс жасадық. Ол бірден келісті. Екеуінің сұхбатын желіге жүктегеніміз сол еді, әлемнің түкпір-түкпірінен жылы лебіздер көптеп келді», - дейді Бекнұрдың анасы деп хабарлайды «Жібек жолы» телеарнасы.
Бекнұр білім мен өнерді қатар алып жүр. Өмірге құштар жеткіншек ағылшын тілінен республикалық олимпиаданың жеңімпазы. Евровивжн-2021 ән байқауының бірінші орын иегері.
«Алты жасымнан ән айта бастадым. Евровидениеге әкем апарды. Мүмкін емес нәрсе жоқ! Қол-аяқ жоқ болса да, бәрі мүмкін! Мақсатқа жетуге болады», - дейді Бекнұр Жәнібекұлы.
Дарынды жеткіншек қазақ тілінде осыдан бір жыл бұрын сөйлей бастаған. Оған дейін отбасымен ұзақ уақыт әуелі Америкада, сосын Францияда тұрған. Бірақ Бекнұр туған жерін қатты сағынатын.
«Оның үстіне үш тілді біле тұра, ана тілінде сөйлемейтіні оны қынжылтатын. Сондықтан шет елде халық әндерін жиі айтып жүрді», - дейді ата-анасы.
Бектемісовтер отбасы елге былтыр қайта оралған. Қазір Бекнұр қазақ мектебінде оқиды.
«Бекнұр өте алғыр. Білімге құштар. Біздің мектептің мақтанышы. Қай пәнді болмасын, жақсы оқиды. Бекнұр болашақта IT маман болғысы келеді. Талабы таудай өрен арманына ұмтылуды қазірден бастап, цифрлық технологиялардың қыр-сырын үйреніп жүр», - дейді Бекнұрдың сынып жетекшісі Мәдина Әнуарова.