Түркістан облысы: Әйел мен оның қызын өлтірген күдіктінің ақыл-есі тексеріліп жатыр
Түркістан облысында анасы мен қызын қатыгездікпен өлтірді деген күдіктінің ақыл-есінің дұрыстығы тексеріліп жатыр. Ал қылмыстың қалай болғанын ашық айтқан марқұмның қыздары Бас прокуратурадан көмек сұрайды. Өйткені құзырлы органдар «қысым жасай бастады» дейді жәбірленуші тарап, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы КТК телеарнасы жазады.
— Мен және сіңлім екеуімізді күні бүгін РОВД-ға шақырып, бізді басынбақ болды. Қорқытып, «сіздер әлеуметтік желіге салғандарыңыз үшін 600 мың теңге айыппұл немесе 15 күн бас бостандықтарыңыздан айыруды талап етемін» деді. Мен және сіңілім құзырлы органдардан қорыққанымыз үшін оларды жазалауларыңызды сұраймыз. Біз іштей жылап, анам мен сіңлімізді қара жерге тапсырып, ішімізді өртеп бара жатқанда, олар бізді қорқытты.
Қанды қылмыс Келес ауданындағы Амангелді ауылында болған. 29 жастағы мектеп қызметкері 16 жастағы қызға қырыңдап, мұны оқушы қыз анасына айтып барған. Ашуға булыққан әйел бар жағдайды директорға жеткізіп, Абай Аханов осыдан кейін мектептен шығарылыпты. Осыған кектенген күдікті түн ішінде өзін масқаралады деген әйелмен оқушы қыздың үйіне барған. Сөйтіп 45 жастағы әйелдің басынан кірпішпен ұрып өлтіріп, оның 10-сыныпта оқитын қызын зорлап, ұрып өлтірген. Оқушының шыңғырған дауысын естіген көршілер күдіктіні жазбай таныған. Былтырдан бері мектепте жұмыс істейтін күдіктінің үш баласы мен жүкті келіншегі бар екен. Қазір қанды қылмыстың жай-жапсары тексеріліп жатыр.
Асылжан Қалдарбеков, Түркістан облысы ПД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары:
— Полиция Түркістан облысы тұрғыны мен оның кәмелетке толмаған қызының өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында қажетті жедел іс-шара жүргізілуде. Тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етілмейді.