Үлескердің заңды мүддесін кім қорғайды?

26 желтоқсан 2023 14:30 / Новости Казахстана

Жылына бірнеше рет отандық телеарна жаңалықтарынан газет ақпараттарынан алданған үлескерлер туралы кемі оншақты рет тыңдаймыз, оқимыз. Биыл елімізде 13,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынса, соның 12,2 млн шаршы метрін жекеменшік тұрғын үй компаниялары салыпты. Соның ішінде 5,4 млн шаршы метрі халық қаражатына салынған. Яғни үлестік құрылыс нысандары деген сөз, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ranking сарапшыларының ай­туынша, қазіргі уақытта құры­лыс компанияларының тұр­­ғын үйді пайдалануға бе­руі­не ха­лық­тың қатысу үле­сі 44 пайыздан асып отыр. Бұл – айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Соңғы екі жылда үлескерлік құрылыс сала­сын­да­ғы қылмыстық істер бо­йын­ша 16 адам сотталып, 300-ден астам компания әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сарапшылардың айтуын­ша, үлескерлік құрылыс на­ры­ғының 80 пайызы үлес­кер­лерден ақша тартуға рұқ­сатсыз және құжат­сыз саты­ла­ды. Оның үстіне құры­лыс компаниясы тұрғын үйді пай­да­лануға беруді баяулататын немесе оны салудан мүлде бас тар­татын жағдайлар саны да аз емес.

«Қазақстандық тұрғын үй ком­­па­ниясының» (ҚТК) мәліме­тін­ше, қазір елімізде 196 нысанды рұқсатсыз немесе кепілдіксіз са­лып жатқан 176 құрылыс компаниясы бар. Олардың басым бөлігі Астана қаласында (136 нысан).

Әрине, проблемалық ны­сан­­дар­дың жағдайы бірін­ші кезекте қолданыстағы заң­­наманың және тұрғын үй нарығындағы уәкілетті ұйым­дар­ қызметінің арқа­сын­да біртіндеп шешіліп жатыр. Үлескерлердің заңды құқығы мен мүддесін қорғау мақ­са­тын­да Қазақстанда «Тұрғын үй құры­лы­сына үлестік қатысу туралы» Заң бар, онда тұрғын үй құры­лы­сына үлескерлік қатысуды ұйым­дас­тырудың үш заңды тәсілі қарас­ты­рылған:

  • «Қазақстандық тұрғын үй ком­паниясы» АҚ-нан кепілдік алу;
  • Екінші деңгейлі банк жобасына қатысу;
  • Құрылыс салушының өз қара­­жаты есебінен тұрғын үйдің қаң­қасын салғаннан кейін жергі­лік­ті атқарушы органнан рұқсат алу.

Көппәтерлі тұрғын үйлер салу үшін жеке және заңды тұл­ға­лардан ақша қаражатын өзге тәсілдермен тартуға ты­йым салынады.

Тұрғын үй құрылысының ке­піл­дігі – үлестік құрылыстың ма­ңызды құрамдастарының бірі. Үлестік құрылысқа кепілдік беру тетігі мың­даған адамға қол­жетімді және сапалы баспана алуға көмектесе отырып, мемлекеттің әлеу­мет­тік бағ­дарланған мін­деттерін шеше­ді. Бұл те­тік жобаның ашық­тығын қам­та­масыз етеді: құры­лыс үде­рі­сін бақылау және мони­торингілеу жүзеге асырылады, сондай-ақ үлескерлер салы­мының сақталуын және жоба­ның мерзімінде аяқталуын қамтамасыз ету мақса­тын­да ақша қара­жатының мақ­сат­қа сай пайдаланылуын қам­тамасыз етеді.

Құрылыс компанияларына кепілдік беруге жауап­ты бірыңғай оператор — «Қа­зақ­стан­дық тұр­ғын үй компаниясы». Биыл қара­ша­да ҚТК 1 трлн теңгеге кепіл­дікті жабуға қол жеткізді. Жал­пы ауданы 5,2 млн шаршы метр болатын 215 жобаға ке­піл­дік берілді, бұл – 60 мың үлескердің салымын қор­ғау­ға мүмкіндік деген сөз. 228 мыңға жуық азамат тұрғын үй-ком­муналдық шаруа­шы­лыққа ке­піл­дік беру арқылы (отбасы коэф­фициентін ескере отырып) өздерінің тұрғын үй жағ­дайларын жақсарта алды.

Көптеген азамат кепілдіктің не үшін қажет екенін және ол үлес­керлерді қа­лай қорғайтынын түсіне бер­мей­ді. ҚТК мәлі­метінше, компания мына жағ­дай­ларда кепілдік бере алады:

  • Тұрғын үйді пайдалануға беру мерзімін бұзу;
  • Ақшаны мақсатсыз пайдалану;
  • Заңды күшіне енген сот шешімімен белгіленген құры­лыс компаниясының төлем қабі­лет­сіздігі.

Кепілдік жағдайы туын­даған кезде ҚТК қаржы­лан­дыруы құ­рылыс компа­ния­ла­рының кепіл­дік жарналары есебінен қалыптастырылатын резервтік қара­жат есебінен жүзеге асырылатын және тек есеп айырысумен байланысты шығындарды жабуға арналған нысанның құрылысын аяқ­тауға міндеттеме алады.

 

Серіктес жаңалықтары