Ұлттық банк төрағасы биылғы инфляцияға түсінік берді

27 қараша 2024 14:25 / Новости Казахстана
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қазақстандағы қазіргі экономикалық жағдай жалпы ішкі өнімнің оң өсуімен сипатталып отыр.Биыл жаһандық экономика геосаяси тұрақсыздық аясында қалыптасып келеді. Біз әлемдегі бірқатар әскери қақтығыстардың салдарынан нарықта жоғары құбылмалылықты, сауда және капитал ағындарында өзгерістерді байқап отырмыз. Бұл жалпы экономикалық динамикаға әсер етіп отыр. Еліміздің экономикасы үшін маңызды фактор саналатын мұнай бағасының біршама төмендеу тәуекелі барын атап өтемін. Бұл тәуекелдерге қарамастан, Қазақстандағы қазіргі экономикалық жағдай жалпы ішкі өнімнің оң өсуімен сипатталады. Биылғы 9 айда жалпы ішкі өнім 4 пайызға өсті. Өсім экономиканың барлық саласында байқалып отыр, - деді Т. Сүлейменов, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Оның айтуынша, инфляция былтырғы ақпандағы ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 еседен астам төмендеді. Алайда, бұл көрсеткіш әлі де Ұлттық банктің 5% таргетінен алыс.

«Инфляция бірнеше ай қатарынан баяулағаннан кейін, қазан айында 8,5% дейін жеделдеді. Ақылы қызметтер бағасының 14,3%-ға өсуі инфляцияның жеделдеуіне негізгі үлес қосты. Бұл «Инвестицияны тарифке айырбастау» бағдарламасы мен бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауына байланысты болды. Өндіріс шығындары мен импорттық бағалар өскендіктен, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 7,8%-ға жеделдеді. Бұл ретте азық-түлік тауарларының 4,9%-ға баяу өсуі жалпы инфляцияны біршама бәсеңдетуге ықпал етті. Жалпы алғанда, Ұлттық банктің ұстамды қатаң ақшакредит саясаты және Үкіметтің инфляцияға қарсы шараларының нәтижесінде баға динамикасы біздің болжамымызға сәйкес қалыптасып келеді. Осы жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8-9% аралығында қалыптасуы мүмкін», - деді ҰБ басшысы.

Оның пайымынша, сыртқы секторда да, ішкі экономикада да болжам бойынша елеулі тәуекелдер бар.

«Ішкі инфляциялық факторлардың ішінен – Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер көлемінің ұлғайғанын ерекше атап өткен жөн. Республикалық бюджет Ұлттық қордың трансферттеріне айтарлықтай сүйенетінін атап өткен жөн. Осының салдарынан мұнайдан тыс тапшылық та едәуір болып отыр. Бұл индикатор еліміз үшін мемлекеттік қаржы теңгерімінің маңызды көрсеткіші саналады. Биыл Ұлттық қордан тартылған тікелей трансферттер көлемі 5,6 трлн теңгені құрады. Ал Қордан алынған жалпы қаражат 6 трлн теңгеден асады. Нәтижесінде, Ұлттық қордың түсімдері мен одан алынған қаражат балансы бұзылып отыр. Яғни, қаражат алу – түсімнен жоғары. Бұл елеулі проинфляциялық фактор саналатынын бұған дейін де айтқанбыз», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары