ҰҚК және ІІМ-нің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады — Тоқаев Қаңтар оқиғасы туралы

5 қаңтар 2026 19:51 / Новости Казахстана

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғаларына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Arbat.Media.

Президент оқиғалардың жалпы көрінісі әлдеқашан қалпына келтірілгенін атап өтті. Кейбір сот процестері әлі де жалғасып жатқанын, сондай-ақ ұрланған көп мөлшердегі қару-жарақты іздеу жұмыстары да тоқтамағанын атап өтті.

«Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек. Алматыдағы аласапыран туралы жиі айтылып жатады, мұны түсінуге де болады. Бірақ зұлымның сиқырлы таяқшасымен жасалғандай адам сенгісіз жағдайлар болғанын да естен шығармау керек. Нақтырақ айтқанда, бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алды. Оның арты қаскөйлердің көптеген облыс әкімдігі мен құқық қорғау органының ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды», — деді президент.

Тоқаев сол күндері күштік құрылымдардың едәуір бөлігі арасында дүрбелең туындағанын айтты. Кейбірі қызмет орындарын тастап, құпия құжаттар мен қару-жарақты қалдырып кеткенін жасырмады.

«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады», — деді ол.

Серіктес жаңалықтары