Ұстаздар күні: Астаналық мұғалімдерге сыйлық жасауға тыйым салынды

5 қазан 2023 13:30 / Новости Казахстана

Астана қаласының білім басқармасы білім беру ұйымдарының ата-анадан сый-сияпат алуына тыйым салатын бұйрық шығарды, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңының 9-бабына сәйкес, білім беру ұйымдарының басшыларының ата-аналардан жөндеу жұмыстарын жүргізуге, құрал-жабдықтар мен жиһаз сатып алуға, педагогикалық ұжымға сыйлық беруге, білім беру ұйымдарын аттестациялауға, мерекелік іс-шараларға және басқа да мақсаттарға ақша жинауына, сондай-ақ сыйлық қабылдауға үзілді-кесілді тыйым салынсын. Педагогикалық ұжым және ана-аналар комитетінің мүшелері арасында мектеп пен сынып қажеттілігіне, мерекелік іс-шараға заңсыз ақша жинау мәселесі бойынша түсіндіру жұмысын жүргізсін», — деп жазылған бұйрықта.

Білім беру ұйымдарына ата-анадан заңсыз ақша жинауға жол берген сынып жетекшілеріне, мұғалімдер мен тәрбиешілерге шара қолдану бұйырылған.

«Білім беру ұйымдары ата-аналардан заңсыз ақша жинауға жол бермеу туралы бұйрық шығарсын және оны ұжымға таныстырсын. Осы бұйрық орындалмаған жағдайда білім мекемелерінің басшыларына лауазымынан босатуға дейін қатаң тәртіптік шаралар қолданылсын», — деп бұйрық шығарды елордалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев.

Автор
Серіктес жаңалықтары