Жалған шетел валютасын өткізу фактілері жиілеп кеткен

13 қараша 2024 9:13 / Новости Казахстана
Фото: freepik

Қаржы мониторинг агенттігі жалған шетел валютасын өткізу фактілерінің жиілеп кеткені жайлы хабарлады. Мәселен, Алматы қ. жалған 100 долларлық купюраларды сатумен айналысқан тұлғалар тобы анықталды. Қылмысқа қатысушылардың бірінің тұрғылықты жерін тінту барысында 149 дана (14 900 АҚШ доллары) жалған доллар табылды. Құқық бұзушылар ұсталып, сот оларға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады. 

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында ҚМА полициямен бірлесіп жалған валютаны өткізу фактісі анықтады. Бір топ адам Орал қаласындағы лотерея клубтарының бірінде жалған 25 000 АҚШ доллары мен 10 000 евро өткізген деген күдікке ілікті.

Күдіктілер бәс тігу мақсатында бұл қаражатпен шоттарын толықтырған.

Жалған ақшаны сатушыға қатысты соттың санкциясымен «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстан аумағында айналымнан 1 060 жалған банкнот тәркіленді, оның ішінде ұлттық валютада 647 000 теңге сомасына 141 дана, 90 400 АҚШ долларына 905 купюра, 2 000 еуроға 4 купюра, 1 000 юань сомасына 10 купюра. Алынған жалған банкноттардың жалпы сомасы 43 млн теңгеден асады.

Бұған дейін 2024 жылы жалған купюраларды жасап, өткізгені үшін 8 адам 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары