Заң жобасы: Су инспекцияларына тергеу құзыреті берілмек

27 қараша 2024 14:10 / Новости Казахстана
ФОТО: Depositphotos

Мәжіліс су кодексі туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа су кодексі 121 баптан, 14 тараудан және 6 бөлімнен тұрады. Заң жобасы аясында 4 кодекске және 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Толығырақ Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов таныстырды, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа су кодексінің жобасы әзірленді, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Министр жаңа су кодексі бес негізгі қағидатқа негізделіп әзірленгенін айтты.

«Мәселен, жаңа су кодексінде «су қауіпсіздігі» ұғымы алғаш рет енгізілді. Ол халық пен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластануы қатерлерінен қорғауды қамтиды. Басты назар су ресурстарын сарқылу мен ластанудан қорғауға аударылып, содан кейін ғана экономикалық қажеттілікке маңыз берілген. Бұл жаңа су кодексінің қолданыстағы кодекстен негізгі ерекшеліктерінің бірі. Сонымен қатар, кодексте шағын өзендер мен көлдерді қорғаудың талаптары кеңейтілді. Атап айтқанда, шағын өзендерде түпсіз бөгеттер құрылысына тыйым салу туралы талаптары қарастырылып отыр. Тағы бір жаңашылдық су ресурстарын кешенді басқаруды дамыту қағидатын сақтай отырып, мемлекеттік жоспарлау жүйесін елеулі деңгейде реформалау. Сол сияқты су ресурстарын интеграциялық басқарудың бас жоспарын және бассейндік жоспарларды әзірлеуді көздейді», — дейді ол.

Оның айтуынша, жаңа заңнаманың маңызды компоненті — қолданыстағы заңнамада жоқ, су үнемдеуді ынталандыру механизімдерін енгізу.

Сондай-ақ, жаңа заңнамаға сәйкес бассейндік су инспекцияларына мемлекеттік бақылау бойынша тергеу құзыреті берілмек.

«Бұл тетік су ресурстарын қорғауға, олардың заңсыз пайдаланылуына жол бермеуге, қойылатын талаптарды күшейтеді және қара нарықпен күрес құралына айналады», — деп толықтырды ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары