Заңсыз 185 млн теңге тапқан: Теміртауда криптоферма ашқан ер адам сотталды
ҚМА мәліметінше, Э.Г. Толовов 2021 жылғы тамыздан бастап тиісті лицензиясыз жасырын криптоферма ұйымдастырған, деп хабарлайды Arbat.Media.
Ол қылмысын жүзеге асыру үшін Ресей Федерациясынан 156 бірлік майнинг жабдығын сатып алып, оны өз өндірістік базасына орналастырған.
«Э.Г. Толовов өндірген цифрлық активтерін криптобиржадағы аккаунтында жинап, кейін оларды «BinancePool» және «Litecoinpool.org» майнинг пулдары арқылы сатқан. Сауда P2P-аударымдар арқылы, USDT-ны теңгеге айырбастау арқылы жүзеге асқан», деп хабарлады ҚМА.
Жалпы өндірілген активтердің көлемі 11,2 BTC және 90,2 LTC құрайды. Бұл шамамен 185 миллион теңгеге тең.
Ер адам сот үкімі бойынша бір жылға сотталды.
Сонымен қатар, мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен алынған 185 миллион теңге қайтарылды.