Зейнетақы жарнасының дербес есебін жүргізу қағидалары бекітілді

29 қараша 2023 15:53 / Новости Казахстана

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өз бұйрығымен міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен өсімпұлдардың дербестендірілген есебін жүргізу қағидаларын бекітті, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен өсімпұлдарды дербестендірілген есебін салымшылардың (алушылардың) дерекқорынан алынған мәліметтер негізінде жүргізеді және әрбір салымшы бойынша мынадай дербес деректерді қамтиды:

жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН);

салымшының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні, туған жері, жынысы, тұрғылықты мекенжайы, азаматтығы;

жеке басын куәландыратын құжаттың сериясы мен нөмірі, көрсетілген құжаттардың берілген күні және оларды берген органның атауы;

жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі мен Берілген күнін өзгерту туралы;

азаматтықты өзгерту туралы;

салымшының (алушының)деректерін, мәртебесін өзгерту туралы;

аударылған міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары немесе өсімпұлдар, сондай-ақ оларды қайтару туралы;

агенттің атауы мен реквизитін қоса алғанда, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер туралы.

Өз кезегінде мемлекеттік корпорация мәліметтер мен өзгерістерді дерекқорға уақытылы енгізуді қамтамасыз етеді. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» ҚР заңына сәйкес, дерекқорда қамтылған мәліметтердің сенімді сақталуын ұйымдастырады. Әр айдың 10-ына дейін уәкілетті органға міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың саны, сондай-ақ сомалары және агенттердің саны туралы мәліметтерді ұсынады.

Мемлекеттік корпорация күн сайын салымшылардың деректерін «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорындағы мәліметтермен салыстырып, тексеру жүргізеді. Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары салымшыларының деректерінде тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, ЖСН және жынысы бойынша сәйкессіздіктер анықталса, Мемлекеттік корпорация міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары салымшысының деректерін бір күн ішінде «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорындағы мәліметке сәйкес келтіреді.

Салымшы (алушы) деректерінің өзгеруі туралы мәліметтерді БЖЗҚ-ға беру Мемлекеттік корпорация мен БЖЗҚ арасындағы шартпен айқындалған электронды тәсілмен дерекқорға өзгерістер енгізілген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.

 

Серіктес жаңалықтары