Жеке көлік қозғалысын реттеудің жөні қандай?

6 маусым 2024 13:23 / Новости Казахстана

Тұрғындарының саны бірнеше миллионнан асып жығылатын мегаполистерде көлікпен жүру жылдан-жылға қиындап келеді. Бүгінде Алматының әрбір төртінші тұрғынының жеке көлігі бар. Ал автомобильдің саны көбейген сайын ұзын-сонар кептеліс, автотұрақтың жетіспеушілігі, жанармайдың қымбаттауы сияқты мәселелер қордаланып жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Алматы қаласы полиция де­пар­­­та­ментінің ресми дерегіне сүйен­­сек, жұмыс күндері қалаға сырт­тан 700 мыңнан аса көлік кіреді. Күн сайын таңғы және кеш­кі уақыттарда кептеліс деңгейі 9-10 балға жетеді екен. Ал мұндай жағдайда жеке көлікке қарағанда, қоғамдық көліктердің тиімділігі жо­ғары екені даусыз. Көлік кеп­телісі мәселесін қазір қолға алма­са, алдағы бірнеше жылда қала экономикасы ғана емес, әлеу­­меттік саласы да айтарлықтай зиян­ шегеді. Ендеше, қаладағы же­ке көлік қозғалысын реттеудің жолы қан­­дай?

«Алматыбасжоспар» ҒЗИ жанындағы Q-lab қалалық зерттеулер зертханасының дерегіне сәйкес, «Қала тұрғыны анкетасында» көлік кептелісі ең күрделі мәселе ре­тінде көрсетілген. Алма­ты­лықтардың пі­кі­рінше, олардың алтын уақы­тын күн­делікті кептеліс жейді, яғни таңғы және кешкі уақытта қала көшелерінде қозғалыс баяулайды. Орташа есеппен 20 шақырым жүрген бір көлік 5 кг көмірқышқыл газын бөледі. Осы орайда экологтер көшелерде веложолдар, жасыл желегі бар қалыпты тротуар­лар салу, қоғамдық көліктерге басымдық беру мәселені шешуге көмектеседі деп санайды.

Бірінші кезекте – жаяу жүр­гін­­шілерге басымдық беру. Жаяу жүргінші ортақ территорияда көп орын алмайды. Содан кейін қоғамдық көліктер мен велосипедшілерге артықшы­лық беріледі. Осыдан кейін ғана қалдық қағидаға сәйкес, автомобильдер мен автотұрақтарға жолақтар қарастырылады.

«Көлік қозғалысының құры­лы­мы бүкіл көлік жүйесінің бет-бейнесі мен Алматы жол­да­рындағы жағдайды түбегейлі өзгертеді. Көлік құры­лы­мы қо­ғам­дық көлік желісі арқылы қала­дағы бес полиорталықты өзара, қа­ла орталығы және Алматы агломерациясымен бай­ланыстырады. Осылайша, ыңғайлы жол-көлік кешені іс жүзінде «тұрғындарға арнал­ған жайлы қаланы» қалып­тастыруға көмектеседі», дейді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас ­директоры Асхат Садуов.

 

Жағдайды реттеу шаралары

Жергілікті әкімдік жол инфра­­құрылымын тиімді пайдалану, негізгі даңғылдарды ұзарту бо­йынша кешенді жұмысты үздіксіз жүргізіп келеді. Былтыр 16 маусымда Үлкен Алматы айналмалы автокөлік жолы пайдалануға берілді. Жалпы ұзындығы 66 шақырымға созыл­ған айналмалы жол қала­ны Алматы облысының Талғар, Іле және Қарасай аудандарымен байланыстырып тұр. Технологиялық санаты А-1-ге жататын жүрдек жүріске арнал­ған айналмалы жол – Алматыда қалып­­тастырылып жатқан көлік қозғалысы қаңқасының негізгі элементі. Айналмалы жол-көлік ағынын 40%-ға дейін қысқарту үшін салынды.

Көлік қозғалысы құры­лы­мы­ның негізінде BRT, LRT сияқты жүр­дек қоғамдық көліктің дамуы жатыр. Мұндай көлік құралдары әлемде өз тиімділігін көрсетті. Мұндай ауқымды құрылыс қа­ла­ның тұрғын аудандарының төрттен үш бөлігін қамтуға мүмкіндік береді. 2027 жылға қарай Момышұлы, Төле би көшелері мен Райымбек даңғылы бойымен шығыс шекарасына дейін LRT жаңа жүрдек трамвай жүйесінің бірінші учаскесін салу жоспарланған. Қаланың қалған бөліктеріне тасымалдаушы маршруттар іске қосылады. Осылайша, бұл маршруттар тұрғын­дарға 10-15 минут ішін­де жақын маңдағы жедел көлік аялда­масына жетуге мүмкіндік береді.

BRT (Bus Rapid Transit) кәдімгі трамвайдан вагон санымен және жүрдек жүрісімен ерекшеленеді. BRT бірнеше вагоннан тұрады, демек метро секілді бір рейс­пен жүздеген адам жолға шыға алады. BRT қанатқақты жобасын іске асыру үшін ең ұзын автожолдардың бірі – Райымбек даңғылы таңдалды. Бұл бойынша қоғамдық көліктің 83 бағыты жүреді, оның 11-і – магистралды. Жобаға сәйкес, «Алтын Орда» көлік-трансплантациялау торабын қоса алғанда, BRT ұзындығы 17 шақырымды құрайды.

А.Садуов метро құрылысы да жалғасын табатынын алға тарта отырып: «Метро өзінің жылдам әрі кедергісіз қозғалысы есебінен тиімділігін көрсетті. Станса саны шектеулі болғанымен, метроға деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Сондықтан Алматы қаласында жүрдек қоғамдық көлікке басымдық беріледі. Көлік қаңқасына сәйкес метроның басқа да стансалары ашылады. Сонымен қатар жер үстімен жүретін жылдам көліктер салынады», деді.

Қазіргі таңда көлік кеп­те­лісінен қашқан алматылықтар уақыт үнемдеу үшін метромен қатынайды. Былтыр метромен жүретін жолаушылар саны тәулігіне 90 мың адамды құраған. Өткен жылдың соңында сұранысқа қарай метрода вагон саны 11 құрамға дейін артты. Әр құрам 4 вагоннан тұрады. Қазіргі кезде 11 стансадан тұратын метромен Райымбек стансасынан Бауыржан Момышұлы стансасына дейін 13, 22 шақырымды небәрі 25 минутта жүріп өтуге болады.

Қысқасы, көлік қозғалысының қаңқасы – қаланың едәуір бөлігін қамтитын және діттеген жерге салыстырмалы түрде жылдам әрі ыңғайлы жетуге мүмкіндік беретін жүрдек көлікке арналған дәліздер жүйесі.

 

Әлемдік тәжірибе

Сарапшылардың айтуынша, көлік қозғалысы қаңқасының моделі үздік әлемдік тәжіри­бе­лерді ескере отырып әзірленген. Сонымен қатар қа­ладағы түрлі ай­мақ­тың тар­тым­ды­лығы, жұ­­­мыс орын­да­ры­ның шо­ғыр­­­­­ла­­нуын талдау не­гі­­зінде қа­лып­­­тасты. Алматы қаласын­да шарт­­ты түрде көлік ағы­ны ты­­ғыз үш ай­мақ бар. ­­Осы ай­мақ­­­­­тарда жұ­мыс орын­­­­­­­­да­рының 70%-ы­­ шо­­­ғыр­лан­ған. ­Сон­­­­­­дай-ақ көп­ші­­лік жиналатын бас­қа да нүктелер еске­рі­леді: ірі сауда орта­лықтары мен базарлар, көлік хабтары, табиғи, мәдени, спорттық және білім беру объектілері.

«Халықаралық тәжірибе, атап айт­қанда, Көлік қоз­ға­лы­сы қаңқасының мастер-жоспарын әзірлеу ке­зін­де қолданылған Мәскеу тәжі­рибесі кептелісті реттеумен магистралдық қоғам­­дық көлікті жүйелі түрде дамытуға және ыңғайлы жолаушылар инфрақұрылымын құруға болатынын көрсетеді», дейді А.Садуов.

Астана мен Алматы сияқ­ты қалаларда автобус пен трол­лейбустарға арнайы жолақтар қарастырылғаны белгілі. Бұл амал қоғамдық көліктерге кепте­ліске қарамастан, өз жолағымен кес­те бойынша жүруіне мүм­кін­дік беріп отыр.

Алматыда автобус маршруттарын оңтайландыру жоспар­ланған. Бұл шара автобустардың жүрісін тұрақты да жиі етеді. Жолаушылар инфрақұрылымын қолданыстағы 1 208 аялдамадан 1 245 аялдамаға дейін кеңейту көзделіп отырғандықтан, әр маршрут бойынша автобустар жиілігі артады. Тіпті бір трансфер болса да, сапар қысқа және болжамды болады. Бұл ретте биыл жаңа тарифтік ұсыныс әзірленбек. Онда жолақысын төлеудің көбірек нұсқаларына қоса (бірреттік билет, абонемент, смс-хабарлама, оңай карта), бір сапар шеңберінде бір тегін қатынау мүмкіндігі ұсынылып, жыл­жымалы құрамның эколо­ги­я­лық тазалығына ерекше назар аударылмақ.

 

Мәселені шешетін үш торап

Ең бастысы, қала шекарасында көлік-трансплантациялау­­дың үш торабы салынады. Бұлар – Құл­­жа трактінде «Барлық», «Шығыс» және Гейт-Сити ауда­нында «Солтүстік» торабы. Осы то­раптар құрамына ыңғай­лы авто­тұрақтар кіреді. Облыс­тан кел­ген тұрғындарға өз көлік­те­рін тастап, қоғамдық көлік­тер­ге ауысуға мүмкіндік береді. Көлік қоз­ғалысы қаңқасы арқы­лы сапарлар арнайы инфра­құ­ры­лым мен икемді тарифтер есе­бі­нен жылдам әрі қолжетімді бола түспек.

«ҚТЖ-мен бірлесіп Алматы-3 жаңа теміржол вокзалының жобасын келісу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Вокзал Рахат шағын ауданында Саин мен Боралдай көшелерінің қиы­лысында орналасады. Вок­зал көлік жүктемесін қала орта­лығына жақын орналасқан қол­­даныстағы 2 вокзалдан іші­н­­ара алып тастауы керек. Қазір жо­баның техникалық-эко­но­микалық негіздемесі мен жоба­лау-сметалық құжаттама әзір­леніп жатыр», деді А.Садуов.

Көлік қозғалысы құры­лы­мы аясында Алматыда 2030 жылға қарай шамамен 300 шақырымды құрайтын 42 дәліз салынады.­ Мысалы, қаланың шығыс бөлі­гінде Райымбек даңғылы мен Хмельницкий көшесі Талғар трактісіне дейін ұзартылады. Ал желінің батыс бөлігінде Абай даңғылы мен Төле би көшесі­нің қазір салынып жатқан радиалды ұзартулары арқылы өтеді. Бірыңғай желіні дамыту үшін көшелерді ішінара тесу, дәліздерді кеңейту, учаскелерді байланыстыру жүргізіледі.

Әлемдік тәжірибе көр­сет­кендей, маршруттық желіні ұйымдастырудың ең тиімді әдісі – сапар кезінде адамның мар­шрутты бір рет қана ауыстыруы. Жолаушы тіпті қала сыртынан келсе де межесіне жеткенше қоғамдық көлік құралын бір рет қана ауыстыруы керек.

Осы орайда қоғамдық көлік қалалардың тұрақты дамуы мен халықтың мобильділігін қам­тамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Мұның маңызын көр­сететін бірнеше аспекті бар.

Экологиялық тиімділік. Жеке автомобильмен салыстырғанда қоғамдық көлік тиімдірек. Өйткені бір көлікте бірден көп адамды тасымалдауға болады. Көлік саны аз болса, зиянды шығарындылар мен жол кептелісі де азаяды.

Кеңістікті ұтымды пайдалану. Әлемнің талай қаласында жол­дар мен автотұрақтарға жер жетпейтіндіктен, бұл елдер қоғамдық көлік инфра­құры­лы­мын дамытуға стра­те­гиялық тұрғыда қарайды. Қоғамдық көлікті дамыту авто­­­­­мобильдер­ге тәуелділікті әрі үлкен тұрақ орындарына деген қажет­ті­лікті азайтуға септеседі.

Экономикалық тиімділік. Қоғамдық көлікті пайдалану жанармай, автокөлікке қызмет көрсету, сақтандыру және автотұраққа ақша үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ал осынау айғақты мәлі­меттер қала тұрғынына ыңғайлы қалалар салу үшін қоғамдық көлікті жақсарту мен дамыту­дың маңызын көрсететіні аян. Қорыта айтқанда, бүгін­гі таңда Алматыда жеке автокөліктер санын қысқарту емес, қала тұрғынына бәсекеге қабілетті балама әрі жайлы жолдарын ұсыну көзделіп отыр. Қалғанын жолаушының таңдауы біледі.

 

Серіктес жаңалықтары