Ақмарал Науатбек – XVII жазғы Паралимпия ойындарының жеңімпазы

6 қыркүйек 2024 2:09 / Sport
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Пара дзюдодан 48 кг салмақ дәрежесінде (J2 санаты) белдескен Ақмарал Науатбек Париж Паралимпиадасының жеңімпазы атанды. Отандасымыз финалда Франция өкілі Сандрина Мартинеден басым түсіп, алтын жүлдеге қол жеткізді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ақмарал Париж татамиінің жартылай финалында түркиялық Джахиде Екені, ширек финалда үндістандық Кокиланы иппонмен жеңген еді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Паралимпиада ойындарының чемпионы Ақмарал Науатбекті құттықтады.

— Ақмарал Науатбекті Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуымен құттықтаймын! Сіз ел мерейін асырып, спорт жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйладыңыз. Қажырлы еңбек пен қайтпас қайсарлықтың арқасында ең мықты қарсыластарыңыздан басым түстіңіз. Жеңісті күндеріңіз көп болсын! — деп жазды Президент өзінің Х әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске сала кетейік, бұған дейін пара дзюдошы Ақмарал Науатбектің Паралимпиаданың финалында бақ сынайтынын жазған едік. Сондай-ақ кеше ел қоржынына алғашқы алтын жүлде түсті. Оны пауэрлифтингтен 54 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Давид Дегтярев алды. Ол осымен екінші мәрте Паралимпиа ойындарының чемпионы атанып отыр. 

 

 

Серіктес жаңалықтары