Азия чемпионаты: Боксшы қыздар 5 алтын алды

3 қараша 2023 15:13 / Sport

Бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық қыздар бүгін бес алтын алды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Жастар арасында финалға шыққан бес қазақстандық боксшының бәрі де жеңімпаз атанды.

Алдымен 50 келіге дейінгі салмақта Элянур Тұрғанова үндістандық Аншудан жеңісті жұлып алды.

Ұлжан Сәрсенбек 57 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Муштариубони Иброхимжоноваға үш раунд бойы соққыларын дәл тигізіп, екі мәрте Азия чемпионы атанды.

Әсем Таңатар 63 келіге дейінгі салмақта үндістандық Дипамен тартысты бәсекеде 4:1 есебімен басымдылық танытты.

Бақыт Сейдіш 66 келіге дейінгі салмақта өткен жылы Азияда үздік шыққан еді. Биыл сол табысын қайталап, соңғы бәсекеде үндістандық Кажалға еш мүмкіндік қалдырған жоқ.

Шұғыла Нәлібай 75 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Санобар Бозорбоеваны алғашқы екі раундта-ақ үш рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдылықпен жеңді.

Осылайша, жасөспірімдерді қосқанда, Қазақстан қоржынына 11 алтын медаль түсті.

 

Серіктес жаңалықтары