Елена Рыбакина қайтадан әлемнің үшінші ракеткасы болды

7 қаңтар 2024 23:42 / Sport

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина дүйсенбіде жаңартылатын WTA рейтингісінде үздік үштікке енеді. Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаны сенімді жеңісімен құттықтады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Аустралияда Брисбен турнирінің жеңімпазы атанған қазақстандық теннисші 220 мың АҚШ доллары көлемінде табыс тауып, 500 рейтингілік ұпайға ие болды.

Осылайша барлығы 6811 ұпай жинаған Елена Рыбакина WTA Live рейтингісінде америкалық Кори Гауфты басып озып, 3-орынға көтеріліп тұр.

Аталмыш жарыста 135 мың доллар тауып, 325 ұпайға қол жеткізген финалист Арина Соболенко 2-сатыда қалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Брисбен турнирінде жеңіске жеткен Елена Рыбакинаға жылы лебізін жолдады. Бұл жайында Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты теннисші, Уимблдон турнирінің чемпионы Елена Рыбакинаны Австралияда өткен беделді жарыстағы сенімді жеңісімен құттықтап, жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді» деп жазды Берік Уәли Facebook парақшасында. 

Серіктес жаңалықтары