Қазақ қызы бокстан үш мәрте Ресей чемпионы атанды

11 қараша 2024 4:34 / Sport
Фото: Boks Alemy Kz

Омбылық қазақ қызы Салтанат Меденова Серпухов қаласында (Мәскеу облысы) бокстан әйелдер арасында өткен 25-інші Ресей чемпионатында жеңімпаз атанды. Салтанат 81 келіге дейінгі салмақта финалда Краснодар өлкесінің өкілі, өткен жылғы әлем чемпионы Анастасия Демурчянды ұтты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Осылайша, С.Меденова үш дүркін Ресей чемпионы атанды, - деп жазады Kazinform агенттігі. 

«Әлем чемпионы Анастасия Демурчянмен өткен финалдық жекпе-жек ең ауыр айқастың бірі болды. Психологиялық жағынан біраз қиындыққа түскенімен, рингке шыққаннан кейін жеңілдеп сала бердім. Анастасияның менің салмағыма өткенін білдім. Сондықтан оған дайындалдым. Мен үш дүркін Ресей чемпионы атандым. Тезірек үйге жетіп, туыстарымды, анамды құшақтағым келеді», деді Салтанат Меденова.

Ресей біріншілігіне 48 өңірден 172 спортшы қатысып, бақ сынады.

Омбы қаласында туып-өскен Салтанат Меденова биыл БРИКС ойындарында да алтыннан алқа таққан болатын.

Серіктес жаңалықтары