Сәкен Бибосынов кезекті жеңісіне қол жеткізді
Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирдің төртінші күні 51 келіде сынға түскен әлем чемпионы Сәкен Бибосынов 1/16 финалда Кения спортшысы Дэвид Каранча Мачарианы төрешілердің бірауыз шешімімен жеңді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Осыған дейін Бибосынов гонконгтық Каннет Чун Хим Танмен қолғап түйістіріп, қарсыласын үшінші раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірген болатын.
Сондай-ақ, бүгін әйелдер арасында 60 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан Римма Волосенко аталған турнирде үшінші жеңісіне қол жеткізіп, ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Енді санаулы минуттардан кейін 92 келі салмақта Айбек Оралбай шаршы алаңға көтеріледі.
Аталған турнирде Париж Олимпиадасының жолдамасына ерлерден алты, әйелдерден бес боксшы қатысуда. 3-12 наурыз аралығында өтетін лицензиялық турнирде ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 жолдама сарапқа салынып жатыр.