Абай облысында әлі де барлық үйге жылу берілген жоқ

10 қазан 2024 9:34 / Новости Казахстана
Фото: Kazinform

Абай облысында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған үйлердің 90 пайызына жылу берілді. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, ауа температурасының төмендеуіне байланысты Семейде жылу беру маусымы 1 қазанда басталды, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Бүгінде білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандар толықтай жылуға қосылды. Ал облыс бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған түрғын үйлердің 90 пайызына жылу берілді. Бюджеттік ұйымдардың автономды қазандықтарын көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталды. Барлық қоймаларда көмір қорын күн сайын толықтыру жалғасуда», - делінген ақпаратта.

Өңірдің теміржол тұйықтарында 12,5 мың тонна көмір бар. Атап айтқанда, Семейде – 10 мың тонна, Курчатовта – 0,5 мың тонна, Аягөз ауданында – 1 мың тонна, Бородулиха және Жарма аудандарында – 0,5 мың тоннадан.

«Облыстың жылу қазандықтарында 93 мың тонна көмір бар. Бұл жылдық қажеттіліктің 16 пайызын құрайды. Барлық жылу көздері 10 күндік қосымша көмір қорымен қамтамасыз етілген», - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары