Астанаға әлемнің ең мықты гроссмейстерлері келді

1 тамыз 2024 22:00 / Новости Казахстана
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Астанада бастау алған командалық әлем чемпионатында 39 команданың құрамында әлемнің 315 үздік шахматшысы жүлдеге таласады. ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович жаңа форматтағы жарыс қазірдің өзінде шахматшылар былай тұрсын, көптеген көрерменге ұнап қалғанын атап өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Бүгін біз рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионатын ашып отырмыз. Чемпион атағын алу үшін Астанаға әлемнің ең мықты гроссмейстерлері, соның ішінде әлемдік рейтингтегі бірінші нөмірлі кіл мықтылар, қазіргі әлем чемпиондары келді. Бұл күндері біз көптеген қызықты ойын мен тартысты кездесудің куәсі болатынымызға сенімдімін! Біз бұл елдің басшылығына, Қазақстан шахмат федерациясына және Freedom Holding Corp. Корпорациясы басшылығына Қазақстанда және әлемде шахматты дамытуға баға жетпес үлес қосып жатқаны үшін алғыс айтамыз», – деді Аркадий Дворкович.

Жарыстың ашылу салтанаты нағыз мерекеге айналды. Астана амфитеатрына лық толған көрермен қауым әсерлі биді, театрландырылған қойылымдар мен отшашуы бар түрлі түсті шоуды тамашалады. Дәстүрлі жеребе тарту рәсімі ұлттық элементтерімен таңғалдырды. Әйгілі неміс шахматшы Ян Густафсен шахмат алаңына асық тастап, осылайша өз командасының бірінші турдағы фигураларының түсін анықтады.

«Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасы алауының Қазақстан жерінде жағылуы – еліміздің әлемдік шахмат орталықтарының бірі ретінде мойындалуы. Заманымыздың ең үздік шахматшылары – Магнус Карлсен мен Хоу Ифань қатысатын рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионатының басталуы шахмат әлемі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан спорты үшін айтулы оқиға. Жарысқа еліміздің көптеген командасы мен спортшысы, соның ішінде әуесқойлар да қатысады», – деп атап өтті KazChess президенті Тимур Турлов.

Әлем чемпионаты Конгресс орталығында өтеді. 2–4 тамызда рапидтен 12 раунд, 5 тамызда 2 кезеңмен блиц бойынша жүлдегерлер анықталады.

Серіктес жаңалықтары