Дін басқармасы Бишімбаев пен Нүкенованың некесін қиған имамға шара қолданды

18 сәуір 2024 16:12 / Новости Казахстана

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қ.Бишімбаев пен С.Нүкенованың 2022 жылдың 17 қазанында мешітте қиған некесіне қатысты мәлімдеме жасады. Дін басқармасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы ҚР Кодексінің 2-бабының 3-тармағында тек мемлекеттік органдар қиған неке (ерлі-зайыптылық) ғана мойындалатынын түсіндіре келе, Қ.Бишімбаев пен С.Нүкеновадан АХАТ бөлімінің құжаты табанды түрде талап етілмегенін жеткізді, - деп хабарлайды Arbat.media.

«2022 жылдың 17 қазанында Астана қаласындағы Республикалық бас мешітте Қ.Бишімбаев пен С.Нүкенованың өз өтініштері бойынша куәгерлердің қатысуымен болашақ ерлі-зайыптылардың некесі қиылған. Аталған азаматтардан және олардың туыстарынан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде «жасалып жатыр» деп жауап берген. Сонымен қатар дәстүрге сай ата-аналарының батасы мен рұқсатын алғанын, салт-дәстүр жолымен некелерін қиып беруін өтінген», делінген ҚМДБ хабарламасында.

Сондықтан, айтылған мерзімде екі азаматтың некесін қиған Республикалық бас мешіттің имамы Қ.Қыдырминге ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзғаны үшін тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалған.

Айта кетейік, ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібінің тиісті талабына сәйкес мешіт қызметкерлері неке қию рәсімі алдында болашақ ерлі-зайыптылардан Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті талап ету керек.

Серіктес жаңалықтары