Талдықорғанда Әбілхан Қастеевке ескерткіш қойылды

9 қазан 2024 0:06 / Новости Казахстана
Фото: Жеңіс Ысқабай

Жетісу облысының Талдықорған қаласында Қазақстанның Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің ескерткіші орнатылды. Суретшінің 120 жылдығына орай қойылған қола мүсін Көркемөнер галереясының ауласына қойылды. Мерейтой шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстанның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеев, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы Өмірбек Жұбаниязов пен көрнекті қылқалам шеберінің қызы Гүлдария Қастеева және өзге де зиялы қауым өкілдері мен облыс жұртшылығы қатысты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

"Әбілхан Қастеевпен етене араласпасам да тірісінде көзін көрдім. Қой аузынан шөп алмайтын момын кісінің тұла бойында саф таланттың тұнып жатқаны таңқаларлық. Ол - қазақтың рухын көтерген, қазақты әлемге танытқан азамат. Біз мұндай ұлы өнер иелерін қастерлеуіміз керек. Сонда ғана берекелі ел боламыз. Әбілхан аға ешқашан өлмейді, халықтың көкейінде жарқырап қала береді" - деді мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мырзатай Жолдасбеков.

Ескерткіштің ашылуынан кейін қонақтар Көркемөнер галереясының ішінде Ә.Қастеевтің 120 жылдығына арналған экспозициялық көрмені тамашалады. Онда суретшінің 9 картинасының тұпнұсқасы қойылған. Бұдан әрі мерейтойлық жиын І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Тұғыры биік тау тұлға» атты республикалық конференциямен жалғасты. Сондай-ақ сахна төрінде мерейтойға арнап шығарылған қылқалам шеберінің өмірі мен өнер жолына қатысты «Әбілхан Қастеев», «Өмір мектебі» кітаптарының тұсауы кесілді.

"Біз кішкентайымыздан атамыздың барлық картиналарын көріп-біліп өстік. Соның ішінде маған акварельмен салған таулардың картинасы керемет ұнайтын. Өсе келе суретшілік өнерге бет бұрдым. Қазір кескіндеме, графика, иллюстрация бағыттарында жұмыс жасаймын. Әбілхан атамыздың еңбегі бағаланып, халықтың құрметіне бөленіп жатқаны - біз үшін мақтаныш", - дейді Сауран Қастеев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше ертең Қастеевтің туған жері Панфилов ауданы Шежін ауылында суретшілердің республикалық пленэрі басталады. Оған еліміздің 20-ға жуық кәсіби суретшісі қатысады. Пленэр 10 қазанға дейін жалғасып, шара Жаркент қаласындағы Көркемөнер галереясында қатысушылардың еңбектерінің көрмесімен қорытындыланады.

Серіктес жаңалықтары