Жамбылдың білім саласынан бухгалтерлер безіп жатыр

11 қазан 2024 16:26 / Новости Казахстана
Фото: Pixabay

Жамбыл облысы Байзақ ауданы білім бөлімінің бухгалтерлері ҚР Президенті Қ. Тоқаевқа хат жолдады. Хатта есепші мамандар Мемлекет басшысынан араша сұрап, Жоғарғы соттың осы істі назарға алып, әділ шешім шығаруын сұраған. Бухгалтерлерді алаңдатқан мәселесі қандай, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Жамбыл облысы Байзақ ауданында 40 орта мектеп және 4 бастауыш мектеп бар. Осы білім мекемелерінде 79 бухгалтер жұмыс істеген.

Байзақ ауданы әкімінің 2010 жылғы 24 тамыздағы қаулысымен жоғарыдағы мектептердегі бухгалтерлер қысқарып, аудандық білім бөлімінен орталықтандырылған бухгалтерия құрылады. Осылайша 79 бухгалтердің тең жартысы қысқарып, енді 36 штат — 30 бухгалтер мен 6 экономист штаты бекітілген.

Ал мектептер саны сол күйі, қысқарған жоқ. Сондықтан бухгалтерлерге екі штаттың жұмысын істеуіне тура келеді.

Енді жұмысы көп және жалақысы аз болғандықтан бұл штатта маманды ұстап тұру қиынға түсіп, ақырында бухгалтерлерге облыстық бюджеттен қызмет көрсету аймағын кеңейту бойынша 50 пайыз және ерекше еңбек жағдайы бойынша 10 пайыз қосымша жалақы төлене бастайды.

Қосымша қаржы төлеуді облыстық білім басқармасының келісімімен Жамбыл облыстық мәслихаты бекітіп берген. Сондай-ақ Байзақ аудандық білім саласы кәсіподағының ұжымдық шартымен де бекітілген. Былайша айтқанда аудандық білім бөлімдері бухгалтерлерге өздері жеке шешім шығара салып, өз білгенімен төлей салған жоқ.

2024 жылдың шілдесінде Жамбыл облыстық мемлекеттік ішкі аудит департаменті Байзақ аудандық білімінің қаржысына тексеру жүргізіп, нәтижесінде 2019-2023 жылдар аралығында жалақыға қосымша төленген қаржы заңсыз берілген, бюджетке кері қайтарылуы керек деп табады. Аудиторлар бухгалтерлер жұмысында ешқандай да қызмет көрсету аймағы кеңейтілмегенін айтып, барлық бухгалтер баяғыша өзіне тиесілі міндеттерін ғана атқарып келе жатқанын анықтапты.

Осыдан кейін Байзақ аудандық білім бөлімі аудит қорытындысын мойындамай Жамбыл облысындағы ауданаралық мамандандырылған сотына жүгінеді. Бірақ биылғы мамыр айында сот істі аудиторлардың пайдасына шешеді. Шілде айында білім бөлімі облыстық сотқа аппеляциялық арыз берген.

Біз бұл жөнінде Байзақ аудандық білім бөлімінің бас экономисі Гаухар Дүрмекбаевамен сөйлескен едік.

— Иә, аппелияцияға бердік, — дейді бас экономист Гаухар Кеңесқызы бізбен әңгімесінде. — Соттың үш отырысы өтті. Бірақ бәрінде сот істі кері қайтарды. Біріншісінде сотқа Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысының келісімі керек деп қайтарды. Басқарма басшысы ол келісімді жазбаша және көшірмесін мөрлеп берді. Енді сот электронды түрде қол қойғаны керек деп шықты. Оны да сканерлеп тағы жіберді. Бірақ бәрібір сот әртүрлі себеп тауып, істі қайта-қайта кері қайтарып жатыр. Былайша айтқанда іс соттың қарауына жетпей жатыр. Осылайша соза беріп, істі қарау мерзімін өткізіп жібермекші ме, әлде… Түсінбедік. Адвокаттар жеке арыз берді. Соның өзін кері қайтарды. Енді арыз берудің мерзімі өтсе бұл бойынша қылмыстық іс қозғалуы керек.

— Қылмыстық істі сонда кімдерге қозғайды? Бухгалтерлерге ме, жоқ білім бөлімінің басшыларына ма?

— Меніңше білім бөлімі басшыларының үстінен қозғайтын сияқты.

— Тағы бір мәселе, егер сот қосымша қаржыны шынында кері қайтару керек деп тапса ақшаны кім қайтаруы тиіс? 2019 жылдан бері осы қосымша қаржыны алған қызметкерлердің талайы жұмыстан шығып кеткен болар, оларды қайдан табады? Тіпті, арасында өмірден өтіп кеткендері де бар шығар, олардан қалай қайтарады?

— Қаржыны әрине, жұмыс істегендер қайтаруы керек қой. Өйткені соларға төленген. Бірақ қалай қайтарады, ол жағын білмейді екенмін. Меніңше бұл жерде ақшаны қайтарғаннан бұрын басшылардың үстінен қылмыстық іс қозғау пиғылы басым жатқан сияқты.

— Енді осы дау басталғалы бері білім бөлімдерінің бухгалтерлері жұмыстан безіп жатқан болар…

— Иә, шынында біраз бухгалтерлер жұмыстан кетіп қалды. Менің бөлімімде 5 қызметкер бар еді, үшеуі арызын жазып кетіп қалды. Содан бері бір-ақ адам жұмысқа алынды. Бухгалтер боп жұмыс істегісі келетіндер көп, бірақ 2-3 күн жұмыс істейді де жұмыстың өте ауыр, күрделі екенін көріп, кетіп қалады. Сондықтан әлі күнге біздің бөлімде екі вакансия бос тұр, маман табылмай жатыр.

— Аудит тексерісі нақты қанша қаржыны қайтару керек деп тапты?

— Бухгалтерлерге 77 млн теңге заңсыз төленген дейді. Мектепте жұмыс істеп жүрген методистерге де қосымша қаржы төленген. Оларға төленген 42 млн теңгені де қайтару керек деп тапқан. Одан бөлек мектептерді азық-түлікпен қамтамасыз етушілердің (поставщиктер) коммуналдық қызметтеріне төленген 22 млн теңгені де қайтару керек. Бір баланың тамағына 450 теңге бөлінген, бұл ақшаға тамақ аламыз ба, жоқ коммуналдық шығындарымызды төлейміз бе деп олар да түңіліп отыр.

Бұл дау тек Байзақ ауданында ғана өршіп тұрған жоқ

Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы өткен жылы облыстық білім басқармасына қарасты 4 мектеп интернаттың, Тараз қаласы мен Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Қордай аудандары білім бөлімінің жұмысын тексеріп, білім саласы қызметінің тиімділігі мен бөлінген бюджет қаражатының пайдалану тиімділігін сараптаған.

Осы тексеру барысында 2021-2023 жылдар аралығында аудандардағы білім бөлімдеріне қарасты орталықтандырылған бухгалтерияның бас есепшісі, бас есепшінің орынбасарларына, есепшілеріне, экономистеріне, инженер-құрылысшыларға, заңгерге лауазымдық нұсқаулықтарымен көзделген негізгі жұмыстарымен қатар, белгіленген жұмыс күнінің ұзақтылығы шеңберінде, атқаратын өзге де жұмыстар тиісті құжаттармен дұрыс рәсімделмей, қызмет көрсету аймағы кеңейтілуіне байланысты 50 пайыз мөлшерінде жалпы сомасы 158,8 млн. теңге қосымша ақылар негізсіз төленгені анықталады.

Нақтырақ айтсақ, Жамбыл ауданында — 21 881,3 мың теңге, Меркі ауданында — зиянды үшін — 11 949,8 мың теңге және қызмет көрсету аймағын кеңейту — 65 093,7 мың теңге, Мойынқұм ауданында — 22 848,9 мың теңге, Қордай ауданында — 36 999 мың теңге.

Сондай-ақ, білім басқармасына қарасты 3 мектеп интернат және Тараз қаласы білім бөлімі бухгалтериясының қызметшілеріне лауазымдық жалақысынан 30% мөлшерінде жалпы сомасы 101,4 млн теңге қосымша ақы тиімсіз жұмсалған.

2016 жылдан бастап Жамбыл облысы білім басқармасы бухгалтерлерге не үшін қосымша ақы төлеген?

Негізі норматив бойынша мектептерде сыныптардың аз-көптігіне байланысты бухгалтерлердің де штаттық бірлігі белгіленеді. Осы нормативке сенсек, қазір Жамбыл облысының білім саласында 1,5 мыңнан астам бухгалтер жұмыс істеуі керек екен. Ал, бірақ орталықтандырылған бухгалтерияда ондай штатты ұстап тұру мүмкін емес болғандықтан бүгінде облыстың білім саласында 580-ге жетер-жетпес есепші еңбек етіп жүр. Яғни, 1,5 мың адамның жұмысын осылар істеп отыр деген сөз.

Тағы бұл қызметтің 15-20 пайызы үнемі бос тұрады. Өйткені жалақысы аз, жұмысы көп болған соң бухгалтерлер бұл салаға келгісі келмейді. Осыдан кейін бір бухгалтердің жүктемесі 2-3 есе көбейіп кеткен. Мұғалімдердің жалақысын көтерген кезде бухгалтерлер азаматтық қызметші санаты болғанымен педагог санатына жатпайтындықтан жалақысы өспей, сол күйінде қалады.

Білім саласындағы бухгалтерлерді қайткен күнде ұстап қалуға болады?

Білім басқармасы бұл тығырықтан шығудың бір-ақ жолын таңдайды. Яғни, жоғарыда айтқанымыздай Еңбек кодексіне сүйене отырып бухгалтерлерге қосымша ақы төлеуді Ұжымдық шартқа енгізіп, 2016 жылдан бастап қосымша ақша төлей бастаған. Білім басқарасы келіскен, облыстық мәслихат бекіткен.

— Жалпы біздің заңгерлер бұл мәселе бойынша бүкіл сотқа дейінгі, сот барысындағы талап арыздар мен пікірлерді жеке дара жіліктеп, көз майын тауысып жұмыс істеуде, — дейді бұл жөнінде Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің басшысы Ерұлан Мағзымбеков. — Тек сотқа бара алмайды, өйткені әзірге бұл дау мемлекеттік органдар арасында, яғни, аудиторлар мен білім бөлімі арасында жүруде. Кәсіподақ өкілі тек еңбек дауы басталғанда, яғни, қызметкерлерден осы қаражатты қайтару басталғанда тиісті бұйрық шығып, қалтаға қолды салған кезде басталады. Іс әлі ол сатыға жеткен жоқ. Алайда біз ұжымдық шарт бойынша төленген қаржыны қорғап жатырмыз. Жалпы бұл үкіметтік деңгейде көтерілген мәселе.

Әлдеқашан төленіп кеткен бұл қаржыны кім қайтаруы керек? Талай жылдан бері қаржының қызығын көрген бухгалтерлер ме? Жоқ, әлде қосымша ақы төлеуді қиыннан қиыстырып заңды деп тауып, қаржы аударуға рұқсат берген білім саласының басшылары ма? Бухгалтерлер басшы рұқсат бермесе өз-өзіне қосымша ақы жазып алмағаны тағы белгілі.

Екі ортада білім саласынан бухгалтерлер безіп жатыр.

«Ендігі үмітіміз — тек Президентте. Қасым-Жомарт Кемелұлы Жоғарғы соттың төрағасына бұл істі соттың қарауына алып, жан-жақты қарап, әділетті шешім шығарыңдар деп тапсырма берсе екен» дейді Байзақ ауданы білім бөлімінің қызметкерлері.

Серіктес жаңалықтары