Өзбекстан балаларға қылмыс істегендердің тізімін жасайды
Өзбекстан үкіметі кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасаған адамдардың реестрін жүргізу тәртібін бекітті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы ӨР Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазды.
«Енді кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға балалармен жұмыс істеуге қатаң тыйым салынады», - деп жазды Танзила Нарбаева өзінің Telegram арнасында.
Сондай-ақ ол сәуірде кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық жасағандарға білім, бала тәрбиелеу, сауықтыру, шығармашылық ұйымдарда қызмет етуіне тыйым салатын заң қабылданғанын еске салды.
Кеше үкіметтің арнайы қаулысымен кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасаған адамдардың реестрін жүргізу тәртібі бекітілді.
Оған қасақана кісі өлтірген, кәмелетке толмағандардың ар-намысына қол сұққан, жасөспірімдер бейнеленген порнографиялық өнімді таратқан, жезөкшелер үйін ұйымдастырған, терроризм, сондай-ақ қылмыстың басқа да түрлері үшін бұрын сотталған адамдар енгізіледі.
Реестр арнайы ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі.
«Реестрге енгізілген адамдарды жұмысқа қабылдау мәселесі осы ақпараттық жүйеден алынған ақпарат негізінде бақыланады», - деп мәлім етті Танзила Нарбаева.