Өзбекстанда 7-сыныпта оқитын қыздың атастырылғаны рас па
Әлеуметтік желіде 2009 жылы туған 7-сынып оқушысының атастырылғаны жайлы видео тарады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Өзбекстан балалар омбудсмені жағдайды түсіндірді.
Жағдай Қашқадария облысының Көкдала ауданында болғаны, шенеуніктер оқиға орнында болып, тексеру жүргізгені айтылады.
Қыздың ата-анасы видеодағы жағдайды шын мәнінде баласының туған күніне орай өткізілген салтанатты шара деп түсіндірген.
Шенеуніктер қыздың ата-анасына оны күштеп күйеуге беру үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертті.
Қыздың ата-анасы өз түсініктемесінде бейнежазбадағы жағдайдың неке қию немесе құда түсу рәсімі еместігін, қызын ерте тұрмысқа шығару ойлары жоқтығын, білім беріп, дәрігер болуды көздейтінін айтқан.
Сонымен бірге, Республиканың бұл өңірінде қыздарды ерте ұзату дәстүрі ішінара сақталғанын ескере отырып, балалар омбудсмені бұл жағдайды бақылауды жалғастырады.
«Балалар омбудсмені қыздарды ерте күйеуге беру жағдайларына мүлдем төзбейді және сондай пікірдегі ата-аналарға неке жасы туралы заңнаманы немесе неке қию тәртібін бұзғаны үшін заңды жауапкершілік бар екенін ескертеді» делінген хабарламада.