Өзбекстанда Олимпиада қалашығы салынып жатыр
Өзбекстанда Олимпиада қалашығы салынып жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Олимпиада қалашығын салуға Өзбекстанның 2025 жылға жоспарланған Азия және жалпыазиялық жасөспірімдер ойындарын өткізуге дайындығы басты түрткі болды. Бұл туралы республика президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Олимпиадалық қалашықта халықаралық жарыстар бағдарламасына енген спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалатын болады. Кешеннің аумағы 100 гектарды құрап, құрылысқа Өзбекстан мен Қытай компаниясы қатысуда. Қазіргі уақытта негізгі ғимараттардың іргетасын қалау жұмыстары аяқталып, бес кешенге арналған құрылымдар орнатылды. Құрылысқа барлығы мыңға жуық жұмысшылар мен инженерлер, арнайы техника жұмылдырылған.
Құрылыс барысымен танысқан президент Шавкат Мирзиеев шетелдік тәжірибені енгізу және қалашық аумағын абаттандыру жөнінде тапсырма берді. Мемлекет басшысы Азия ойындары аяқталғаннан кейін Олимпиада қалашығы бос қалмауы керек екенін атап өтті. Оның ойынша, кешен келешекте балалар спорт мектептерімен байланысып, бұқаралық спорттан кәсіби спортқа көпір жасау керек.