Қазақстан мен Қырғызстан Жамбыл облысына су жіберу жөнінде келісті
Қазақстан мен Қырғызстан Жамбыл облысының суармалы жеріне су беру жөнінде келісті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бішкекте өткен кездесуде еліміздің мүддесін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қорғады. Келіссөз қорытындысы бойынша Талас өзеніндегі «Түйте» каналы арқылы су беруді қалпына келтіру жөнінде шешім қабылданды.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылық министрі Асқарбек Жәнібековпен кездесуі кезінде Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі бірлескен комиссияға тиісті тапсырма берілді.
Нұржан Нұржігітов елімізге су жіберуді жақсарту үшін мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы нысандарының тізбесін кеңейту қажеттігін атап өтті.
Мәселен, қазақстандық тарап осы тізбеге Күркіресу өзеніндегі құрылыстарымен «Ақмолда», «Қаратақы» және «Төментамға» арналарын, Шу өзеніндегі «Колос» каналын және Талас өзеніндегі құрылыстарымен бірге «Кож» каналын енгізуді ұсынады.
«Өздеріңіз білетіндей, биыл Жамбыл облысының шаруалары Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде суармалы су тапшылығын сезінді. Сондықтан осындай жағдай қайталанбас үшін қырғыз әріптестерімізбен бірге Шу және Талас өзендерінің бассейнінде келесі вегетациялық кезеңді дұрыс жоспарлау бойынша жұмысты алдын ала жасау өте маңызды», – деді Нұржан Нұржігітов.
Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі бірлескен комиссияның келесі отырысы 14 желтоқсанда Алматы қаласында өтеді.