Қырғызстанда электронды темекіге тыйым салынады
Қырғызстан электронды темекіге толық тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұл бастаманы парламент депутаты Шайырбек Ташиев көтеріп, электронды темекі шегетіндерге 40 мың сом айыппұл салуды ұсынды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Заң жобасы әлі де қоғамдық талқылау сатысында. Құжат Жогорку Кенеш сайтында жарияланған және оған кез келген адам өз пікірін жібере алады.
Заң қабылданса, электронды темекіні сату үшін жеке тұлғаларға 50 мың сом, заңды тұлғаларға 65 мың сом айыппұл салынады. Бұл өнімді әкелгені үшін 150-ден 200 мың сомға дейін айыппұл немесе бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Ташиевтің айтуынша, соңғы жылдары электронды темекі шегетін жасөспірімдер саны айтарлықтай артқан. Ол бұл үрдіс кәдімгі темекіге қауіпсіз балама ретінде электронды темекілерді жарнамалаумен байланысты екенін атап өтеді.