Ресей Тәжікстандағы мектептерге 200 миллион рубль бөледі
Ресей үкіметі тәжік мектептерін қолдауға 200 миллион рубль бөледі. Бұл туралы Тәжікстанның білім және ғылым министрі Рахим Саидзода мәлімдеді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Қаржыландыру бірінші кезекте оқыту орыс тілінде жүргізілетін мектептерге бағытталады. Бұл қаражат 244 білім беру мекемесіне оқулықтар жасап, басып шығаруға жұмсалады. Қазір республикада тек орыс тілінде оқытатын 60 мектеп бар.
Мамандар ақпан айының соңына дейін ұсынып, 1 қыркүйекке дейін оқу үдерісіне енгізу үшін орыс тіліндегі оқулықтарды тәжік оқушыларының сұранысына қарай бейімдеп жатыр. Министр сондай-ақ 2024 жылы Тәжікстанның білім беру саласына сегіз миллиард сомониден астам қаржы жұмсалатынын, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға көп екенін атап өтті.
Бұған дейін Тәжікстаннан 10 мыңға жуық студент Ресейдің жоғары оқу орындарына түскені хабарланған болатын. Сондай-ақ тараптар бірлескен орталықтар мен университеттер базасында Тәжікстанға оқытушылар даярлауға келісті. Сондай-ақ Ресей Тәжікстандағы 2022 жылдың қыркүйегінде жұмысын бастаған бес мектептің құрылысына 150 миллион инвестиция салды.