Еуразия7 мамыр 2024, 10:00

«Салтанат заңы». Өзбектердің Бишімбаев ісіне қатысты пікірі

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты тек қазақстандықтардың арасында емес, сонымен қатар шетелдіктер үшін де қоғамдық резонанс тудырды. Бұл сот отырысын көршілес ел азаматтары жіті бақылап отыр. Оның ішінде бұл оқиғаға бей-жай қарамайтын өзбекстандықтардың қатары қалың, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі жазады.

Көршілес мемлекет тұрғындарының пікірінше, бұл оқиға мәселенің салдарымен емес, себебімен күреске түрткі болуы тиіс. Бұл ретте сот процесі жүріп жатқан оқиғаға қатысты белгілі өзбекстандық кәсіпкер, танымал блогер Диёра Усманова пікір білдірді. Ол өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Салтанат Нүкеновамен болған жағдай көптеген келіншектің қазіргі өмірінде кездесетін шындық екенін жазды.

«Қазақстанда болған сұлу қыз – Салтанаттың (Нүкенова – авт.) оқиғасы бүгінгі таңда көптеген әйелдің өмірінде болып жатқан шындық екенін елестету қорқынышты. Олар әзірге өлген жоқ. Сондықтан олардың үні шықпайды, шыдайды, кетіп қалғысы келгенмен, қорқады. Мен мұндай әйелдерді түсінемін, өйткені бір кездері осындай жағдай өз басымнан да өткен», - деп жазды Диёра Усманова Instagram парақшасында.

        Фото: Д. Усманованың инстаграм парақшасы

Оның пайымынша, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін әр адамға алдымен құқықтық сауаттылық қажет.

«Осылайша біз әйелдің жеке дара тұлға болып қалыптасуы, құқықтық сауаттылығы және қаржылық тәуелсіздігі деген ойға қайта ораламыз. Бұл бағыттар әрқашан басымдыққа ие болуы тиіс», - деп түйіндейді Диёра Усманова өз жазбасын.

Бұлармен қатар, Өзбекстандағы бұқаралық ақпарат құралдарында да Бишімбаевтың ісіне қатысты мақалалар жиі жарияланып тұрады. Оған қытысты көршілес ел тұрғындары соттың ашық өтуі мен деректердің зерделенуін жоғары бағалап, пікір қалдырып жатыр. Осы ретте өзбекстандықтар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін алдымен заңнамалық базаны қатаңдату керек деп есептейді.

Сондай-ақ, таяуда Қазақстанда қабылданған әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң Өзбекстан тұрғындарының арасында қызу талқыға түсті. Бұл құжатты өзбекстандық БАҚ «Салтанат заңы» деген атаумен жариялады.

Артынша Өзбекстан үкіметі де тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету механизімін өзгертуге кірісті. Атап айтқанда, ел президенті Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасына сай, енді тұрмыстық «тирандардан» зардап шеккендерге үш деңгейлі қолдау көрсетіледі.

Оның алғашқысы – махалля деңгейіндегі көмек. Онда әлеуметтік қызметкер, профилактика инспекторы және әйелдер белсендісі тұрмыстағы қысым көрсету фактілерін зерттеп, жағдайды үнемі қадағалап отырады.

Одан кейін аудан деңгейінде «Инсон» орталықтарында қорғау ордерін талап етпестен психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қызметтер ұсынылады. Ауруханалардың жедел жәрдем бөлімшелерінде құрбандарға арналған алғашқы жәрдем бөлмелері ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, үшінші деңгей – облыстық дәрежеде болады. Онда әйелдерді оңалту орталықтарына өтінішсіз 6 айға дейінгі мерзімге орналастырып, психологиялық және заң қызметтері көрсетіледі.

Қоса кетсек, биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 4,5 мыңға жуық өзбекстандық жауапқа тартылды, - деп жазады Kazinform агенттігі.

 

Салтанат заңы өзбектер Бишімбаев ісі Пікір

Тақырыпқа жаңалықтар