"Жетон - электронды білезік". Қырғызстан отбасындағы зомбылықпен күресіп жатыр
Қырғызстан әділет министрлігі Жогорку Кенеш қарауына тергеудегі күдіктілерге электронды білезік тағуды қарастыратын заң жобасын ұсынды, - деп хабарлайды Arbat.media
Бұл туралы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі кеңес барысында Әділет министрі Аяз Баетов мәлім етті дейді Кабар ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, бұл технология үйқамаққа алу режимін бұзу жағдайларының санын азайтуға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді, білезіктер отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін шешуде тиімді.
«Отбасында зардап шеккен адамға қорғау ордерінің орнына –арнайы жетон, ал зорлық-зомбылық жасаушыға электронды білезік беріледі. Зорлықшы зардап шеккен адамға 1 шақырымнан аз қашықтықта жақындаған кезде дабыл белгісі іске қосылады. Бұл жағдайда дабыл белгісі тек жетонға емес, құқық қорғау органдарына да түседі», — деп түсіндірді Баетов.
Қазір министрлік электронды білезіктерді енгізуге толық дайын, бірақ Жогорку Кенеш заң жобасын әлі қарастырған жоқ.