АЭС: Референдумда зағип жандар Брайль трафаретімен қамтылады
ФОТО: КТК
КТК
Қазақстан жаңалықтары17 қыркүйек 2024, 10:23

АЭС: Референдумда зағип жандар Брайль трафаретімен қамтылады

АЭС құрылысына қатысты референдумда елдегі барлық зағип жандар Брайль қарпімен жазылған трафаретпен қамтылады. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина алдағы саяси науқанда мүмкіндігі шектеулі жандарға дауыс беруде қолайлы жағдай жасау басым бағыт болып саналатынын жеткізді. Қазір арнайы жазу жүйесі арқылы көру қабілеті төмен 2359 сайлаушы бар. Бұл көзі көрмейтін мүгедектігі бар жандардың 8,3 пайызын құрайды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жазады.

Сәбила Мұстафина, ҚР ОСК мүшесі:

- Шығын сметасында осы көрсеткіш ескеріліп, 10 327 дана Брайль трафаретін жасап, облыстарды түгел қамтамасыз етудің қажеті жоқ деп шештік. Себебі сайлау учаскелерінің 50 пайыздан астамында Брайль қарпін меңгерген адамдар жоқ.

2 359 трафарет алдағы уақытта сайлау учаскелеріне жеткізіледі. Орталық сайлау комиссиясы соңғы сайлауда тиісті ақпарат болмағандықтан, барлық сайлау учаскесін көру қабілеті төмен адамдарға арналған әліпбимен қамтығанын айтып отыр. Ол ендігіде өңірлерден толық мәліметті біле тұра, ысырапқа жол бермей, бюджет қаражатын ұтымды әрі нақты бағыттарға ғана пайдалану керек дейді Сәбила Мұстафина.

ОСК алдағы референдумға арналған бюллетеннің қандай болатынын көрсетті. 6 қазан күні азаматтарға «Сіз Қазақстанда атом электр станциясының салынуымен келісесіз бе?» деген бір ғана сұрақ қойылады. Оған «иә, келісемін» немесе «жоқ, келіспеймін» деген екі тікелей жауап ұсынылады. Айта кетейік, сауалнама қазақ және орыс тілінде болмақ.

Жалпы бүгінде 12 миллионнан аса адам дауыс беруге құқылы.

АЭС референдум Брайль трафаретім мүгедектер

Тақырыпқа жаңалықтар