Ақтауда қыздың басына футбол қақпасы құлады
Фото: Аягөз Ізбасарова
Ayagöz Izbasarova
Қазақстан жаңалықтары30 қазан 2024, 10:23

Ақтауда қыздың басына футбол қақпасы құлады

Оқиға 2-шағын аудан 71-үйдің жанындағы футбол алаңында болған. Зардап шеккен 11 жасап қыздың әжесі Тамара Бөлтекованың айтуынша, алаңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, темір қоршаулар әр жерде қалған. Немересінің басына бекітусіз тұрған футбол қақпасы құлаған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

– Дәл үйімнің алдындағы алаң ғой. Ол жерде 3-4 жастағы балалар, спортшылар, студенттер жүреді. Қазанның 21інен бастап ол жерді бұза бастады. Қоршауларын бұзып, әр жерге қалдырып кетті. Негізі қақпа бос тұрған екен. Немерем апасымен бірге ойнап шыққан еді, сол қақпа тура біздің қыздың басына түсіп, осындай жағдайға душар болдық, - дейді Тамара Бөлтекова.

Жеткіншек дәрігерлердің арқасында аман қалған. Алайда бетінің тең жартысын тігуге тура келді.

Дәрігерлер Анельге жарты жылдай күтім мен пластикалық операция жасау керектігін айтқан.

– Оқиға қазанның 24і күні болды. Мердігер мекеменің басшысы тек бүгін хабарласты. Бәріне көмектесеміз, пластикалық отаға да деп қоңырау шалды, - дейді қыздың әжесі. 

Дәрігерлер науқастың жағдайы тұрақты ауыр екенін жеткізді.

– Түскендегі диагнозы жабық бас ми жарақаты. Маңдай сүйегінің линиялық сынығы. Бас миының соғылуы орташа ауырлықта. Маңдай аймағының кесілген жарақаты, көз алмасының соғылуы. Қазіргі таңда баланың жағдайы орташа ауырлықта, - дейді Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының нейрохирург дәрігері Ербол Кенжевалов.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, осы оқиғаға қатысты сапасыз құрылыс дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

 

Тақырыпқа жаңалықтар