Әскери борышын өтеген азаматтарға мемлекеттік білім гранты беріледі
Бұл туралы ОКҚ қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев айтты, деп хабарлайды Arbat.Media.
Полковниктің айтуынша, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға қосымша әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Оның ішінде мемлекеттік білім беру гранттарын алу мүмкіндігі де бар. Әрбір әскери қызметші үш білім беру бағдарламасы мен үш жоғары оқу орнын таңдай алады.
Мемлекеттік білім гранттары жауынгерлік даярлық нәтижелері мен тестілеу қорытындыларының жиынтық бағасы негізінде белгіленген мерзімде автоматты түрде бөлінеді. «Бұл бағыттағы іріктеу «Срочники 2.0» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Жүйе Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігінің 145 мыңнан астам әскери қызметшісін қамтиды. Жүйеде әскери қызмет кезеңіндегі бағалар, әскери қызметшілердің жеке рейтингтері, тәртіп пен жауынгерлік даярлық көрсеткіштері және 12 бейіндік пән бойынша тестілеу нәтижелері жинақталады», - деді ол. Айта кетейік, ҚР Қорғаныс министрлігі 2023 жылдан бастап ынталандыруға бағытталған кешенді жобаны іске асырып келеді.