Астанада Алаш қайраткерлеріне арналған көрме ашылды
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
Kazinform

Астанада Алаш қайраткерлеріне арналған көрме ашылды

ҚР Президенті іс басқармасына қарасты Президенттік орталықта Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне және мемлекет және қоғам қайраткерлері Мұхаметжан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұловтың мерейтойларына арналған «Тарихи тұлғалар туралы толғам» көрмесі ашылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек», - деп жазған еді.

Осылайша, көрмеге Президенттік орталықтың кітапхана және музей қорларынан экспонаттар мен кітаптар, мемлекет қайраткерлері туралы тарихи құжаттар қойылды.

«Көрме арқылы біз ұлт қайраткерлерінің жазықсыз ұмытылған есімдерін, олардың ағартушылық идеяларын насихаттап, өскелең ұрпаққа жеткізуді көздейміз. Халқымыздың тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды кезеңдерін еске алғанда мемлекеттігіміздің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан Алаш және Түркістан автономияларын да ұмытпауымыз керек. Қысқа ғұмырына қарамастан, бұл ұйымдар қазіргі демократиямыздың дәнін септі. Қос автономияның тағдыры бізге белгілі – 1917 жылдың соңында құрылған Түркістан автономиясы небәрі екі айдан кейін, 1918 жылдың ақпанында құлады. Ал Алаш автономиясы 1920 жылдың наурызында таратылды. Ондағы қайраткерлер – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Тынышпаев тоталитарлық жүйе құрбаны болды, Мұстафа Шоқай отанынан алыста көз жұмды, алайда ел бостандығы иедяларынан бас тартқан жоқ. Бүгінгі көрмеде сіздер осы тарихи тұлғалардың жеке заттары мен архивтік құжаттарын қамтитын бірегей материалдармен таныса аласыздар», - деді Президенттік орталық басшысы Бақытжан Темірболат.

Сондай-ақ ҚР Ұлттық архивінің, Сәкен Сейфуллин музейі, Жетісу облысының Мұхаметжан Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейі, Тұрар Рысқұлов атындағы Түлкібас аудандық тарихи-өлкетану музейі, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің қорларынан алынған 170-ке жуық жәдігер тарихи тұлғалардың өмірлері мен қызметтері туралы жан-жақты баяндайды.

«Біздің көрмеде Мұстафа Шоқайдың Францияда жарық көрген «Яш Түркістан» журналына пайдаланған мөрлері, баспа машинкасы қойылды. Т. Рысқұловтың редакциясымен жарық көрген «Восстание 1916 года в Киргизстане» кітабы, Т. Рысқұловтың жұбайы, 8 жыл бойы АЛЖИР тұтқыны болған Әзиза Рысқұлованың қолданған сандығы келушілердің қызығушылығын тудырары сөзсіз. Оған қоса, Сәкен Сейфуллин оқыған кітаптар, кабинет жинақтары, Мұхаметжан Тынышбаевтың баспа машинкасы, паравоз макеттері және құжаттар мен архивтік материалдар қойылған», - деді Президенттік орталықтың сарапшысы Асқар Несіпбай.

Көрмеге Т. Рысқұловтың немересі Адель Рысқұлова арнайы келді және өз естеліктерін айтып берді.

«Тұрар Рысқұловтың 5 баласы болды. Менің анам Рида Рысқұлова – бес баланың кенжесі, 1937 жылы 21 мамырда атам тұтқындалғанда, анам әжемнің құрсағында қалған екен. Яғни, Т. Рысқұлов кенже қызын көрмей кетті, үлкен ұлы Ескендір Рысқұлов та 17 жасында абақтыда туберкулезден көз жұмды. 1938 жылдың ақпан айында әжем Әзиза Рысқұлова, оның анасы Арифа Исенгулова және менің жөргектегі анам АЛЖИР-ге жіберілген. Анам үш жасқа толғанда АЛЖИР-ден Осакаровкадағы балалар үйіне түсті. Осылайша, тұтас отбасы бірз жылдан кейін ғана бас қоса алды. Мені туғаннан Әзиза әжем бауырына салып өсірді, өле-өлгенше 30 жыл әжеммен бірге тұрдым. Атамның мұрасы тұтас ұрпақ үшін маңызды, көрмені жоғары деңгейде ұйымдстырғандарыңыз үшін алғыс айтамын! Атаммен мақтанамын, өмірдің қиын сәттерінде «Атам қалай жасар еді?» деп ойланамын», - дейді Адель Рысқұлова.

Айта кетейік, биыл Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, тарихшы-ғалым, тұңғыш теміржол қатынастарының инженері Мұхаметжан Тынышпаевтың туғанына – 145 жыл, Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан автономиясының жетекшісі Мұстафа Шоқайдың туғанына – 134 жыл, ақын, жазушы, Қазақ АКСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллинннің туғанына – 130 жыл, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына – 130 жыл толды.

Алаш қайраткерлері Астана Көрме

Тақырыпқа жаңалықтар