Бастауыш сынып оқушыларына мерзімі өткен йогурт берген
Алматы облысындағы мектептің бастауыш сынып оқушыларына мерзімі өткен йогурт таратқан, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл ақпарат әлеуметтік желіде пайда болды.
«Мемлекет есебінен тегін тамақтандыруға жататын мектеп асханасында бастауыш сынып оқушыларына екі жыл бұрынғы йогурттарды таратқан. Қаптамада жарамдылық мерзімі 2021 жыл деп көрсетілген. Мерзімі өткен сүт өнімдері өте қауіпті. Мұндай өнімді мектепке жеткізуге кім рұқсат берді? Азық-түліктің мердігер өкілі мұндайға қалай жол берді?» деп жазады желі қолданушы.
Қарасай аудандық білім басқармасы шұғыл жұмыс тобы құрылып, Ораз Жандосов орта мектебінің асханасы тексерілгенін мәлімдеді.
«Тексеру қорытындысы бойынша тамақтану сапасына мониторинг жүргізу актісі толтырылды. „Растишка“ сүзбешесі, „Айналайын“ сүт өнімінің де мерзімі өткені анықталып, қолдануға тыйым салынды. Мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жеке кәсіпкерге хабарлама жіберіліп, асхана жұмысы қатаң бақылауға алынды», — деп хабарлады Қарасай аудандық білім басқармасынан.