Білім грантының саны емес сапасы мен көлемі өседі
2025 жылдан мемлекеттік білім грантының саны емес сапасы мен көлемі арттырылады. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты. «Гранттардың саны ұлғайып келе жатыр. Оның өзіндік үрдісі, тәртібі бар. Біз демографиялық өсімде алдын ала қаперге алуымыз қажет. Сондықтан гранттардың санын жыл сайын сәл өсіріп отырамыз. Бірақ, келесі жылдан бастап гранттардың санын емес, сапасы мен көлемін ұлғайтамыз. Гранттардың құны жыл сайын арттырылады», -деді министр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Оның атап өтуінше, бүгінде мемлекеттік білім грантының қосымша 4 тетігі әзірленді. Олар: сараланған грант, «Ұлттық қор – балаларға!» жобасы, пайызсыз несие жүйесі, «Келешек» жинақтаушы» жүйесі, - деп жазады Kazinform агенттігі.
«Біздегі басты мақсат – ҰБТ-да шекті баллдан жоғары балл жинау. Мамандық та, университет те маңызды емес. Таңдау жасаймыз, бірақ, грантқа ілігу – басты мақсат. Шетелде талапкер армандаған жоғары оқу орнын және мамандық таңдайды. Оған ерте дайындалады. Бізде жоғары балл алған талапкер қалаған мамандыққа түсе аламын деп ойлайды. Халықаралық, қатынастар, халықаралық құқық, стоматологияны таңдайды. Немесе дене шынықтыру мамандығын құп көреді. Өйткені, оған шығармашылық емтиханмен қабылданады және 1 курстан кейін басқа мамандыққа ауысып кетуге мүмкіндік бар. Айталық, 115, 120 балл жинаған бала аз грант берілген, конкурс өте жоғары мамандықты таңдайды. Бір мысал келтіре кетейін. Биыл стоматологияға 30 грант бөлдік. Бір грантқа 35 адам таласты. Ал гранттардың басым бөлігі педагогика, инженерия, ақпараттық технология, ветеринария, орман, ауыл шаруашылығы, жылу энергетикасы сынды мемлекетке қажетті мамандықтарға берілді. Яғни, кәсіптік бағыттау жүйесіміз әлі түзелген жоқ, жүйеге келтіре алмадық», - деді министр.