Биыл жаза басқан 21 судья жауапқа тартылды
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform
Kazinform
Қазақстан жаңалықтары8 қараша 2024, 12:12

Биыл жаза басқан 21 судья жауапқа тартылды

Сот істерін қарау кезінде судьялардың заңдылықты бұзу жағдайлары жиі кездеседі. Кейін шығарылған шешім қайта қаралады. Адам ақталады. Ал қаржы министрлігі салық төлеушілердің есебінен өтемақы төлейді. Алайда ақпараттық кеңістікте қате өкім шығарған ақпаратты көрмейміз. Статистика бар. Бірақ жағымсыз болса да Сенат төрағасы сұраған соң жайып салуға тура келді. Биыл өрескел қателік жіберген 21 судья жауапқа тартылды. Ал, былтыр 9 судьяға осындай айып тағылған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Jіbek joly арнасы хабарлады, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Міне, кері көрсеткіш 9 айда 2 жарым есе өскен. Неге олай, талдау жасалады. 1 қазаннан жаңа механизм бойынша жұмыс жүргізіле бастады. Өкінішке қарай, бүгінгі жағдай осы», — деді Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі Нұрия Сисенова.

Тәртіптік жауапкершілікке тартылған судьялар арасында қызметінен кеткен де, сөгіс алғандар да бар. Бірақ, олар сүрінбеуі тиіс.

Нұрсерік Шәріпов 30 жылдан бері сот саласында қызмет етеді. Халықтық судьядан бастаған. Қазір азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы. Өзі айтқандай, мінсіз қызмет етуге Ата заң міндеттейді. Президенттің тапсырмасымен судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тарту Конституцияға 39-шы бап болып енген. Енді судьялар түлкі бұлаңға сала алмайды.

«Судья „Мен заңды осылай қабылдадым, заңды осылай түсінемін“ дейді. Басқаша түсіне алмаймын деуі мүмкін. Пікірлер әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан 39-шы баптың ішіне тайға таңба басқандай жаздырып қойдық. Ол — немқұрайлық, ол заңды білмеу. Ал, егер ол бұрмалау қасақана болса, қылмыстық жауапкершілік», — деді Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов.

Бұрын шалыс басқан судьяның ісі алдымен Жоғарғы немесе облыстық соттың пленарлық отырысында қаралатын. Енді тікелей сот жюриі қарайды. Бір кілтипан шешілгенмен, бір күдік тағы бар. Яғни, сот жюриінің құрамында 9 адам бар. Оның 6-уы судья, біреуі адвокат. Осы тұлғалар бұра тартып кетпес үшін жюриге қоғамдық мүшелерді көптеп кіргізу мәселесін тез шешкен жөн.

жауапқа тартылды өрескел қателік судьялар Жоғарғы сот

Тақырыпқа жаңалықтар