Бөгеттер тасқын суды ұстай алмады
Су тасқынына байланысты күрделі ахуал қалыптасқан өңірлердің бірі Ақтөбе облысында жағдай тұрақталып келеді. Жергілікті бюджеттен су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 300 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық төлем төлене бастады және осы азаматтардың несие төлемдері үш айға шегерілді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Кейінгі он күн бойы апатты жағдай тудырған Елек, Жем, Ембі, Сағыз, Ырғыз, Торғай, Қобда, Ор өзендеріндегі су деңгейі қазіргі уақытта қалыпқа түсті. Қала іргесіндегі Қарғалы, Ақтөбе, Сазды су қоймалары қазір лық толған. Дегенмен өткен тәулікте Жайық су бассейніне кіретін Қарғалы өзенінің Ақтөбе қаласының тұсындағы бөлігінде су көтеріліп, жағасындағы үйлерге қауіп төндірген. Содан адамдар түн ішінде қауіпсіз жерге көшіріліп, жағалаулар биіктетілді. Осы аумақты тасқыннан қорғаған Ұлттық ұлан жауынгерлері, еріктілер, саяжай тұрғындарының бірлескен іс-қимылы арқасында тұрғын үй алабына су жайылған жоқ.
Бүгінде прокурорлар су тасқынының алдын алу жөніндегі жұмыстарға бөлінген бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын тексеруге кірісті. Ақтөбе облыстық прокуратурасы Әйтеке би ауданындағы гидротехникалық құрылыстың дұрыс жүргізілмеуіне байланысты ҚК 371-бабының 1-бөлігі (салғырттық әрекеттер) бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл – 2023 жылы 230 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген «Щербаков» бөгеті. Тапсырыс беруші – Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғи ресурстарды реттеу басқармасы болса, мердігер – «СК Гранд каналы» өндірістік кооперативі. 30 наурыз күні Ырғыз өзені арнасынан асқанда, осы бөгетті бұзып кетіп, Әйтеке би ауданының орталығы Т.Жүргенов атындағы ауылға қарай ақты. 78 үйге су кірді, 10 үй қирады, 927 адам (215 бала) эвакуацияланды, электр және газбен жабдықтау желілері зақымданды. Былайша айтқанда, бөгет дегеніміз бетондалмаған, бекітілмеген, құмнан үйілген бөгесін болып шықты.
Тасқын судың екпіні бұзған сапасыз гидротехникалық құрылыстар, қағаз жүзінде жөнделген бөгеттер мен көпірлер, көлік жолдарындағы су өткелдері тергеп-тексеруге себеп болып тұр. Айта кету керек, қазіргі кезде Ақтөбе облысымен ағатын өзендер бойындағы 206 гидротехникалық құрылғы әбден тозған. 5 сәуірде Хромтау ауданындағы Мағаджан су қоймасының бөгеті жарылып, Бесқоспа ауылын су басу қаупі төнді. Жедел әрекет ету арқылы Ұлттық ұланға қарасты Ми-171Е тікұшағымен Бесқоспадан Бестамақ ауылына 174 адам эвакуацияланды.
Қазіргі кезде үйлері су басқан 1 500 адам уақытша орналастырылған жерлерде тұрып жатыр. Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі комиссия әрбір үйді аралап, келтірілген шығын көлемін есепке алуға кірісті. Тұрғындар біртіндеп үйлеріне оралып жатыр.