Қазақстан жаңалықтары6 мамыр 2024, 8:00

БҚО: Киіктердің көбеюі шаруа қожалықтарын алаңдатып отыр

Батыс Қазақстан облысында киіктердің көбеюі фермерлерді қатты алаңдатып отыр. Бірнеше жыл бойы шешілмей келе жатқан күрделі мәселе бойынша пікірін айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Киіктер негізінен облыстың Жәнібек, Казталов ауданы аумағында төлдейді.

Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязовтың мәлім еткеніндей, киік саны өте тез көбеюде.

«Өткен жылы 229 мың бас киікті ату, кораль тәсілімен аулауға рұқсат берілді. Алайда небәрі орындалғаны – 26 мың ғана. Ұқсата алған жоқпыз, себебі дайын емеспіз, уақытқа сыймадық, аулауды білмейміз және киікті соятын, етін өңдейтін ет комбинаттары жоқ. Мемлекет басшысы биыл киікті атуға болмайды деп айтты, енді әзірге солай болады. Бірақ киік санын аулау арқылы болса да реттеуіміз керек. Енді киікті жыл сайын миллиондап азайтып тұруға тура келеді. Кеміткен күнде оны тиімді пайдалануымыз қажет. Киік өнімдерін (ет, тері, дериват) өңдейтін, экспортқа шығаратын ірі инвестор шақыруымыз керек. Шаруалар өтемақы төлеу мәселесін де көтеріп отыр. Түптеп келгенде, киік басы реттелмесе, бірінші, мал шаруашылығынан айырылып қаламыз», - деді Т.Шиниязов.

Жәнібек Ресеймен шектесетін шекаралық аудан болғандықтан, ондағы елді мекендерді сақтау аса маңызды екендігі түсінікті.

Егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер, «Ауыл» партиясы Жәнібек аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Сабанов өткен жылы судан шөбін киіктер отап кеткендіктен, 18 млн теңге зиянға қалғанын айтады.

«Қамысты ауылдық округі аумағында биыл 220 гектар жерге екпе шөп екпекшіміз. Тікен сыммен айнала қоршадық, канал қазып қойдық. Бәрібір киік кіріп кетіп жатыр. Қазіргі кезде «Охотзоопром» мекемесінен көмек сұраудамыз. 70 гектар суармалы жерді суарып көреміз бе деген мақсатта лизингке техникалар алдық. Бірақ еңбегіміз еш кете ме деп ойлаймыз. Киіктің санын азайтудан басқа жол жоқ. Бұл мәселені Президентке жеткіземіз бе деп отырмыз», деді Б.Сабанов.

Ресеймен шекарада, облыс орталығынан шалғайда орналасқан Бөкей ордасы ауданы Бөрлі ауылында тұратын «Сисенғалиев Р.А.» шаруа қожалығының басшысы Исатай Сисенғалиев киік санын 300, әрі кеткенде 500 мыңнан асырмау керектігін тілге тиек етті.

«Бұрын Бөкей ордасының жері қандай құнарлы еді, қазір қандай? Әбден құлазып, жерге дұрыс шөп шықпайтын болды. Өйткені киік 100 мыңдап, 200 мыңдап өткен кезде бәрін тапап, отап кетеді. Екпе шөп егетін қожалықтарға тіпті обал. Сыммен қоршаса да, киік бұзып өтіп кетеді. Кеңес дәуірінде киік малмен бірге жайылатын еді, көп шығын келмейтін еді деген пікір айтылады. Ол кезеңде Орал популяциясы 110-140 мыңнан асқан жоқ. Ал өткен жылы төлімен қосқанда, 3 млн, биыл 5 млн-ға жетеді деп жобалап отырмыз. Оған қоса киіктер Ресей Федерациясының көршілес Саратов, Волгоград облыстарының жеріне де кіріп кетіп, ондағы егістіктерді отап жатыр. Киік – өте жүйрік жануар, 40-50 шақырым жерден су ішіп келіп, жөңкіліп жүре береді. Өткен жылдары Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек, Тасқала аудандарына дейін жетіп, егістік жерлерге залалын тигізді. Сонда біраз шу шығып, мәселе қозғалды. Ал мал шаруашылығымен айналысатын біздің мұңымызды кім түсінеді? Қорыта айтқанда, киіктің залалы Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов және Жаңақала аудандарына тиіп жатыр», дейді И.Сисенғалиев.

Шаруаның уәжіне зер салсақ, қазіргі кезде Ресейде жүрген киіктер санаққа кірмеуі мүмкін. Олар кейін облысқа қайтып келеді. Сонымен қатар киік санағы жыл сайын көктемде әуеден жүргізіледі. Оған төл саны кірмейді. Сонда төлін қосқанда, жыл сайын екі есе артады.

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың мәліметіне қарағанда, өңірде 2010 жылы 39 мың бас киік болса, бір жылдан кейін 17,7 мыңға дейін кеміп кетті. Содан кейін жануарды қорғау шаралары қолға алынып, соның нәтижесінде 2021 жылы – 545 мың, 2022 жылы – 801 мың, өткен жылы 1 млн 130 мың басқа жетті. Бұл – сол жылғы төлін қоспағанда.

«Биыл да киікті әуеден көктемгі санақ жұмыстары жүргізілуде. 25 мамырға қарай нақты мәлімет беріліп қалар. Тағы бір мәселе, киіктердің өлекселерін жою бағытында облыс әкімінің орынбасары бекіткен іс-қимыл схемасы бар. Өлекселерді жою жұмыстарын «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары, малдәрігерлік мамандар және жергілікті атқарушы органдар өкілдері бірігіп атқаруы керек. Бұл тек қана бір «Охотзоопромның» міндеті емес. Оған қоса, төлдеуден кейін «Охотзоопром» және «Бөкейорда» табиғи резерватының инспекторлары шаруа қожалықтарына шабындық, егістік жерлерге кіріп кеткен киіктерді айдасуға көмектесіп тұрады», дейді Н.Рахымжанов.

Шаруалар киік өлекселерін жинауға дайын екендіктерін жеткізді. Тіпті бір ай бойы экологиялық айлық жариялап, әр жерде шашылып жатқан киік өлексесін жинаса да, артық емес. Бұл түрлі ауру тарамауы үшін де қажет.

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Батыс Қазақстан өңірлік филиалының директоры Арман Қожахметов киіктің көбейіп кетуіне байланысты шаруа қожалықтарына қолдан келгенше жәрдемдесіп жатқанын айтты.

Киік мәселесі Жәнібек ауданында көршілес Бөкей ордасы, Казталов, Жаңақала аудандары шаруа қожалықтары өкілдерінің қатысуымен өткен арнайы жиында талқыланды. Онда киіктің саны бойынша нақты есебін ұсыну, оны резерват жерінде ұстау мәселесін шешуді қарастыру, облыс бойынша қор ашып, киік санын реттеуден түскен қаражатты соған аудару, жиналған мүйізді Алматыда емес, Орал қаласында сақтау жайы ортаға салынды. Сол секілді дериваттарды өңдеу және киік санағына шаруа қожалықтары өкілдерін енгізу, халыққа киікті атуға рұқсат ету мәселесін ойластыру, Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылында өлген киіктерді көму барысында талаптардың сақталмау жайын зерделеу назардан тыс қалған жоқ. Осы ретте киік популяциясы ареалындағы жерлерде жұмыстарды ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай атқару, ақбөкендерде анықталған аурулар бойынша профилактикалық шаралар жүргізуге ықпал ету керектігіне екпін түсірілді.

«Жиында облыс шаруаларының ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Қазіргі кезде нақты дәлелдер жинастырылуда. Осы мәселе бойынша шаруа қожалықтарының өкілдерімен бірге облыс әкіміне кіріп, ақылдаспақшымыз», деді БҚО мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев.

Міне, киік мәселесі Батыс Қазақстан облысында биыл да күн тәртібінен түспей тұр. Оны шешу алдағы күндердің еншісінде деп үміттенеміз.

БҚО киіктер шаруа қожалықтары

Тақырыпқа жаңалықтар