Есірткі саудасынан түскен ақша криптовалюта арқылы заңдастырылған
Қызылорда облысында криптовалютаны заңсыз айырбастауды ұйымдастырып, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырған адамдар сотталды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Тергеу барысында олардың тиісті рұқсатсыз, «Астана» халықаралық қаржы орталығының сауда алаңдарынан тыс жерде Binance платформасының P2P қызметі арқылы криптовалютаны заңсыз саудалағаны анықталды. Олар 1 млрд теңгеден астам сомаға цифрлық активтер сатқан. Криптовалютаны заңсыз айырбастаудан түскен табыс 178 млн теңгеге жеткен. Сотталғандардың бірі есірткі сатудан түскен ақшаны заңдастырумен айналысқан.
Дропперлердің шоттары арқылы 600 млн теңгеден астам ақша аударылған. Түскен ақша криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудагерлерінің криптоәмияндарына жіберілген. Тергеу анықтаған мұндай аударымдардың жалпы көлемі 277 мың USDT-ге жеткен.
Сот үкімімен олардың біріне үш жыл, екіншісіне екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ төрт арнайы техника мен қылмыстық жолмен алынған 1 млрд теңгеден астам табыс мемлекет пайдасына тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.