Қазақстан жаңалықтары21 мамыр 2024, 12:00

Денсаулық сақтау министрлігі болашақ дәрігерлердің біліміне көңілі толмайды

Медициналық университет бітірген студенттердің ілуде біреуі ғана білікті дәрігер, білгір маман. "Дәрігерлер әзірлейтін оқу орындарын түгел тексермесек, тәлімгерлердің білімі тым төмен" деп отыр денсаулық сақтау министрлігі, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.

Жауапты ведомствоның мұндай шешім шығаруына соңғы кезде білім ордаларының ақылы бөлімге студенттерді еселеп алуы түрткі болған. Оқу үлгерімі нашар болса да, мұндай болашақ дәрігерлерді университет басшылығы қосымша қаржы ретінде көріп, шеттетпейді.

Бұл "Аполлон" атты робот-манекен. Құны 90 миллион теңге тұрады. АҚШ-та жасалған. Жөтеледі. Жүрегі тоқтайды. Былайша айтқанда кәдімгі науқастар сияқты аппарат арқылы өліп-тіріледі. Ұстаздар бұл манекендер арқылы студенттер ең алғашқы зертханалық жұмыстарын жасап үйренеді деп отыр. Бағасы удай болса да, тәжірибе жинақтауға таптырмас мұндай манекендер медициналық университеттерде саусақпен санарлық. Жалпының қолы жете бермейтін құрал-жабдықтың пайда болғанына да көп болмаған. Небәрі 5-6 жылдың айналасы. Ал қымбат құрылғыларды алу үшін мемлекетке қол жайғаннан бөлек, жоғарғы оқу орындары ақылы бөлімге студент тартуды құп көреді. Себебі - бұл қосымша қаржы көзі.

Гауһар Сауырбаева Астана медициналық университетіндегі симуляциялық орталықтың жетекшісі:

— Қазір көптеген дәрігерлер жеке меншік клиникаларға кетіп жатады. Себебі күндізгі стационарда еңбек ететін әріптестерімнің жүктемесі өте көп. Айлығы да мардымсыз. Біздің мына манекендер арқылы тәлімгерлер көп дүниені іс жүзінде жасап үйренеді. Бірақ бағасы қымбат екені рас.

Денсаулық сақтау министрлігі жуырда тайлы-тұяғы қалмай жиналып, алқа отырысын өткізген. Салаға жауапты шенеуніктерден бастап, тәжірибелі мамандардың барлығы бірауыздан жас мамандардың біліктілігіне көңілі тоймайтынын жарыса айтыпты. Ақша қуған заманда білім ордалары сапаны ысырып қойып, ақылы бөлімге студенттерді шамадан тыс қабылдауда дейді олар.

Нәзира Жолжанова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басқарма басшысы:

— Алқа отырысында талқылаған өзекті мәселелердің бірі - ол ақылы оқитын студенттердің санын шектеу, яғни біз квота ретінде енгізуіміз керек. Қазіргі таңда көп медициналық университеттерде ақылы оқудың көп болуына сәйкес, сапаның да төмендеуіне әкеліп соғады. Бұл жердегі мақсатымыз білім сапасын көтеру. Мемлекеттік орган ретінде білім сапасын көтеру.

Бұдан бөлек ақ халаттыларды тексерістен өткізбегенімізге де бақандай 7 жылға жуықтапты. Осы уақыт ішінде студенттерге кім көрінген сабақ беріп жүруі мүмкін отыр Денсаулық сақтау министрлігі. Ал дәрігерлердің өзі Гиппократ антын беріп, адам тәнін емдейтін бұл мамандыққа кезінде түсу де, оқу да санаулының бағына бұйыратын еді дейді.

Айнұр Сариева, Астана медицина университеті медицина мектебінің деканы:

— Мен дәрігерлік мамандықты өте жақсы сүйіп түстім. Мектептен кейін медучилищеге түсіп, оны бітіріп медиинститутқа тапсырдым. Мединститтутқа тапсырғанда бірден түсе алмадым. Оқуға түсуде оңай болған жоқ. 7 жыл инемен құдық қазғандай. Бұл медицина саласы инемен құдық қазғандай оқуы өте күрделі. Ол оңай жолмен келетін нәрсе емес.

Тексеріс деген жақсы ғой, тек Үкімет грантқа бөлінетін қаражат көлемін көбейтсе екен деген пікірде медициналық университет басшылығы. Сөздерінше, бізде 1 грантқа 1 милион 200 мың теңге бөлінсе, бауырлас Түркияның өзінде мемлекеттен тегін оқу 30 мың АҚШ долларын құрайды. Сондықтан болар жоғарғы оқу орындары алыс-жақын Үндістен, Пәкістан мен қара көздерімізді ақылы оқуға еселеп қабылдауға мәжбүр.

Денсаулық сақтау министрлігі болашақ дәрігерлер біліксіз

Тақырыпқа жаңалықтар