Елордадағы LRT құрылысында кран құлады
Астанада Керей-Жәнібек хандар мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы LRT құрылыс алаңында кран опырылып түсті. Зардап шеккендер жоқ, - деп хабарлайды Arbat.media.
«City Transportation Systems» ЖШС Қабанбай батыр даңғылы мен Керей Жәнібек хандар даңғылының қиылысында сағат 10:35-те арматураны көтеру кезінде бағыттама кран құлағанын хабарлады. Кран «Времена Года» тұрғын үй кешенінің көлік тұрағына құлаған. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында мердігердің, басшылықтың, СТS және полицияның жауапты қызметкерлері жүр, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Сондай-ақ оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшылығы да шығып үлгерді.
«Zoomlion жүк көтергіш кран China Railway Asia-Europe Construction Investment компаниясына тиесілі. Апаттың алдын ала себебі – шамадан тыс жүктеме. Автокран тіркелмеген және жұмысқа рұқсат алмаған. Қорытындылары туралы қосымша хабарланады. Апаттың мән-жайын анықтау үшін комиссия құрылып жатыр», - делінген өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің хабарламасында.
Бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жолдың эстакадалық бөлігін 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын. Келесі жылы рельстер төселеді.